pic1Қазақ, орыс тілдері және ісқағаздарын жүргізу кафедрасы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына - 20 игі іс» аясында көптеген іс-шаралардың өтуіне ұйтқы болып отыр. Сондай шаралардың бірі ретінде ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Көпен Ерқасовпен өткен кездесуді айтуға болады. Жергілікті компоненттерді таныта отырып, студенттер бойында еліне, жеріне, оның мәдениетіне, өнеріне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру мақсатында өткен шарада ақынның «Ақбұлақ» атты жыр жинағының тұсау кесу рәсімі де болды. Тұсау кесу рәсімінің өтуіне Экономика және менеджмент факультетінің деканы Е.В. Варавин, оның орынбасарлары Ж.С. Аубакирова, С.Қ. Ережепова, кітапхана қызметкерлері, Ақпараттық-шығармашылық бөлім мүшелері де қатысты.

Ол жайлы оқырманға жолдама алған «Ақбұлақ» жыр жинағының алғысөзін жазған ақын Серік Ғабдуллаұлы, поэзия әлемінде бірге еңбек етіп жүрген автордың қаламдас достары Ғалым Байбатыров, Мүсілім Құмарбеков, журналистік қадамдарын Марқакөл аудандық «Шамшырақ» газетінен бірге бастаған, бұл күндері университетіміздің баспасөз хатшысы болып қызмет етіп жүрген Ғабдул Мауытқанұлы, іс-шараны ұйымдастырып отырған кафедрада қызмет етіп жүрген ШҚМТУ профессоры Айгүл Құрманғалиқызы өз сөздерінде жан-жақты талдау жасай отырып айта кетті.

Сөз кезегінде кафедра меңгерушісі А.К. Жанәбілова ақын өлеңдерінің тәрбиелік мәніне кеңірек тоқталды. Болашақта тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, кафедра қабырғасында ақындар мектебін қалыптастыру жоспарланып отырғаны туралы айта кетті.

pic2«Ақбұлақ» жыр жинағының авторы Көпен Ерқасов оқырмандар алдында өз жырларын оқып, берілген сұрақтарға жауап берді.

Ақын өлеңдерінен үзінділер оқыған: Жұмагельдин Айдын, Толеуханов Алмат, Айданбеков Досжан, Серікболсын Рамазан, Тұрсынғазин Өнер, Қожанова Айнұр, Смағұлов Айдос сияқты жыр сүйер студенттер мен нақышына келтіре әсем ән салып, күмбірлеген күй тартқан Ақпараттық-шығармашылық бөлім мүшелері кездесуді ажарландыра түсті. Ал жүргізушілер Какимбеков Жандос пен Қадылова Назгүл кездесудің жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосты. Бір сәт поэзия әлеміне саяхат жасаған бұл бас қосудың студенттер және оқу орнының қызметкерлері үшін тағлымы мол, маңызы зор болды.