1 қыркүйек – Білім күні Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да жаңа оқу жылы басталуына арналған мерекелік шара өтті.

Бірінші және жоғары курс студенттерін университет ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор  Нұрлан Темірбеков құттықтады.

- Биыл ерекше жыл, университет  55-ке толып отыр. 18 қыркүйекте  университетте ШҚМТУ-дың мерекесіне арналған  халықаралық  конференция өтеді.  Өткен мерзімде талай табыстарға қол жетті, біз оны мақтан етеміз. ШҚМТУ инновацияға бағытталған  ЖОО-ның алғашқы  ондығына кіреді. Ал алдағы уақытта атқарылар істер  ұшан-теңіз, - деді Нұрлан Темірбеков. Ректор бірінші курс студенттерін алғашқы оқу күнімен құттықтап, олар үшін барлық жағдай жасалғандығын айтты.

- Біздің университетті таңдағандарыңа қуаныштымын, - деді Н.Темірбеков. – Биыл ШҚМТУ-ға  медалистер - «Алтын белгі» иегерлері, ерекше үлгідегі аттестат алғандар, олимпиадалардың жеңімпаздары түсті. Талантты балалардың қадамдарына гүл бітсін.

Бұл күні жоғары оқу орнынан кейінгі білім, жаңа білім беру технологиялары институтының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Еркен Тұрғанбаевқа PhD докторы халықаралық үлгідегі дипломы, ал озат студенттерге ҚР Президенті стипендиясын тағайындау туралы сертификаттары тапсырылды.