6B07107 - Көлік, көлік техникасы және технологиялары

Таңдау бойынша тестілеу пәні - физика

Бейіндік пән - математика

6B07107 "Көлік, көлік техникасы және технологиялары" білім беру бағдарламасы көлік техникасын жобалау, дайындау және пайдалану бойынша білімі мен іскерлігін, технологиялық процестерді жүзеге асырудың тәжірибелік дағдыларын және өндірісті басқаруды меңгерген тәжірибеге бағытталған маманды дайындауға арналған және:

  • көлік техникасын жобалау, жасау және пайдалану саласында білім;
  • механикалық жүйелерді құрастыра білу;
  • көлік техникасындағы техникалық жүйелердің тиімділігін түсіну және бағалау;
  • технологиялық процестерді жүзеге асырудың барлық жұмыс түрлерін ұйымдастыру және басқару дағдыларын қалыптастырады

"Көлік, көлік техникасы және технологиялары" білім беру бағдарламасының түлектері бөлім бастығы; инженер-конструктор; инженер-технолог; көлік техникасын пайдалану және жөндеу жөніндегі инженер; инженер-механик лауазымын атқара алады.

Бітірушілердің кәсіби қызметінің нысандары ҚР барлық меншік түріндегі кәсіпорындары болып табылады:

  • автоқұрастыру зауыттары,
  • автокөлік кәсіпорындары,
  • автожөндеу кәсіпорындары,
  • көлік техникасын пайдалануды жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдар,
  • конструкторлық-технологиялық және ғылыми ұйымдар,
  • автокөлік, жол және құрылыс техникасын және олардың компоненттерін өндіретін машина жасау зауыттары,
  • машина жөндеу кәсіпорындары,
  • автомобиль сервисінің және жол-құрылыс техникасының сервисінің кәсіпорындары мен ұйымдары,
  • фирмалық және дилерлік автомобиль орталықтары және жол және құрылыс техникасы орталықтары.

Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған оқыту үшін "АЗИЯ АВТО" АҚ, "БИПЭК АВТО ҚАЗАҚСТАН" ЖШС, "СемАз" ЖШС және басқа да кәсіпорындармен бірлескен ынтымақтастық және іс-тәжірибелік базаны ұйымдастыру туралы шарттар жасалды, онда көшпелі сабақтар, оқу және өндірістік іс-тәжірибелер өткізіледі.

Қазіргі уақытта білім беру бағдарламасының арнайы пәндері бойынша сабақтарды 1 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы және 7 магистр жүргізеді. Оқытушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысады.

Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру барысында білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына тарту міндетті болып табылады. Студенттердің ғылыми зерттеулерінің нәтижелері республикалық және халықаралық маңызы бар басылымдарда үнемі жарияланып отырады. Студенттер студенттік ғылыми жұмыстар конкурстарына, жас ғалымдар мен студенттердің республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларына белсенді қатысады.  Біздің студенттеріміз Д.Серікбаев, Ш.Есенов атындағы атаулы шәкіртақыға, Конрада Аденауэр атындағы қордың шәкіртақысына үнемі ие болып келеді.

Студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысады. Серіктес ЖОО: Мәскеу автомобиль-жол мемлекеттік техникалық университеті (МАДИ) Мәскеу қ., Ресей, Вроцлав ғылым және технологиялар университеті, Вроцлав қ., Польша, Люблин политехникалық университеті, Люблин қ., Польша.

Мамандық бойынша Республикалық пәндік олимпиадаларда студенттер жыл сайын жүлделі орындарға ие болады.

Оқу кезінде біздің студенттеріміз университет өміріне белсенді түрде қатысады, сонымен қатар көптеген спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға университет атынан қатысады.

Басқа қаладан келген студенттер үшін жатақхана бар. Оқытушылар жатақханада студенттермен үнемі тақырыптық кездесулер өткізіп отырады.

Студенттер әскери кафедрада төмендегі мамандықтар бойынша білім алуда:

  • Бронетанктік техниканың базалық машиналарын пайдалану және жөндеу,
  • Автомобиль техникасын пайдалану және жөндеу,
  • Жердегі, реактивті танк және өздігінен жүретін артиллерияның материалдық бөлігін пайдалану және жөндеу.

Бітіргеннен кейін білім алушыға 6B07107 "Көлік, көлік техникасы және технологиялары" білім беру бағдарламасы бойынша техника және технологиялар бакалавры академиялық дәрежесі беріледі.

Бакалавриат бітіргеннен кейін түлектер 7М07107 "Көлік, көлік техникасы және технологиялары"мамандығы бойынша ШҚМТУ магистратурасында оқуын жалғастыруға мүмкіндігі бар.

2019 жылы бакалавриат түлектерін жұмысқа орналастыру 98,9% құрады.