2025 жылғы 7–8 сәуір аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) өкілдері «Университеттік зерттеулер арқылы инновацияларды ілгерілету: Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы бірлескен бастама» халықаралық жобасы аясында Тәжік мемлекеттік коммерция университетінің (ТМКУ, Душанбе қ.) базасында бірқатар оқу семинарларын өткізді. Жоба Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit (GIZ) GmbH қолдауымен «Орталық Азиядағы экономикалық өсу секторларына арналған кәсіптік білім беру» (PECA) бағдарламасы аясында, № 83479848 жергілікті грант шарты негізінде жүзеге асырылуда.
Сапардың басты мақсаты – ШҚТУ-дың университет жанындағы ғылыми-зерттеу орталықтары мен жеке сектор арасындағы тұрақты байланыстарды орнатудағы тәжірибесімен бөлісу, соның ішінде технологияларды трансферлеу, инновациялық шешімдерді әзірлеу және оларды нарыққа енгізу механизмдерін таныстыру болды. Семинар ШҚТУ командасының ресми қарсы алуымен басталды. Команда құрамында жоба жетекшісі, Зерттеу департаментінің жетекші ғылыми қызметкері Айжан Самамбаева және жобаның ғылыми қызметкері, Технологияларды коммерцияландыру кеңсесінің инженері Виктория Осипова болды. Олар өз сөздерінде жобаның мақсаттарын атап өтіп, университеттер мен өндіріс орындары арасындағы әріптестіктің өңірлік ғылыми-технологиялық дамуға қосар үлесінің маңызын ерекше көрсетті.
Қатысушылар ШҚТУ-дың ғылыми зерттеулер мен инновациялар бағытындағы жетістіктерімен танысты. Әсіресе, академиялық әзірлемелерді өндірістік процестерге интеграциялау, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және құзыреттілік орталықтарын құру тәжірибесі кеңінен талқыланды. Университет жүзеге асырған табысты жобалар ретінде жасанды интеллект негізінде автомобиль технологияларын дамытуға бағытталған Лу Бань шеберханасы, ауыл және өнеркәсіптік машина жасау саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлейтін SMART ENGINEERING құзыреттілік орталығы, медициналық инжиниринг саласындағы импланттар мен құралдарды өндіру жобалары, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның жартас өнерін цифрлық форматта сақтау және жаһандық тарату бастамасы ұсынылды. Халықаралық тәжірибе мысалдары іргелі және қолданбалы зерттеулердің экономикалық тұрғыдан тиімді өнімдер мен қызметтерге айналып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қалай ықпал ететінін көрсетті.
Семинар аясында университеттердің ғылым мен бизнес арасындағы байланыстырушы ретіндегі рөлі талқыланды. Қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастық үлгілерін қарастырып, Danone, Oatly және NatureWorks сияқты ғылыми тәсілдерді өз өнім стратегияларына енгізіп, табысқа жеткен халықаралық компаниялардың мысалдарын зерттеді. Университеттердің кәсіпкерлік экожүйені қалыптастырудағы, сондай-ақ қолданбалы зерттеулерді оқу бағдарламаларына біріктіру арқылы білім беруді жетілдірудегі рөлі ерекше аталып өтті. Бұл модельдер ТМКУ оқытушылары мен студенттерінің қызығушылығын туғызып, олар өз тәжірибелерінде осы тәсілдерді бейімдеуге дайын екендіктерін білдірді.
Келесі күні семинар ESG қағидаттары мен Тұрақты даму мақсаттарына (SDGs) негізделген салалық қажеттіліктерді стратегиялық талдау әдістеріне арналды. Қатысушылар көміртегі ізін азайту, биоыдырайтын материалдарды әзірлеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке тамақтану сұранысын қанағаттандыру бағытындағы зерттеу жобаларымен танысты. Ғылыми көзқарас пен нарықтық үрдістердің синергиясы университеттерге жаһандық экономикалық және климаттық өзгерістер жағдайында тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Семинар аясында foresight-бағытталған болашақты болжау әдістемесіне негізделген практикалық сессия өткізілді. Қатысушылар азық-түлік өнеркәсібін дамытудың ықтимал бағыттарын, сын-тегеуріндері мен шешімдерін анықтау мақсатында топпен жұмыс жүргізді. Бірлескен талдау нәтижесінде қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған негізгі зерттеу бағыттары, индустриялық сұраныстар мен басым кластерлер айқындалды. Ұсынылған шешімдер қатарында нарықты зерттеу, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрақты өндірістік тізбектерді дамыту және балама ақуыз көздері мен экологиялық қаптама шешімдері болды.
Семинар нәтижелері университет пен индустрия арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті жоспарлау ісінде маңызды негіз қалады. Қатысушылар стратегиялық көкжиек әдіснамасының әмбебаптығы мен оның зерттеу бағыттарын қалыптастыру, серіктестік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды әзірлеудегі тиімділігін атап өтті. Бұл формат университет, бизнес және қоғам арасындағы өзара тиімді және мазмұнды диалогтың үлгісіне айналды. Жобаның бастамашысы ретінде ШҚТУ инженерлік білім беру және қолданбалы ғылымдар саласындағы халықаралық трансформацияларға белсенді түрде қатысып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.