2016 жылғы 2 шілдеде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің ректоры Ж.Қ.Шаймарданов ең үздік студент-түлектерге қызыл дипломдарын табыстады. Жоғары білім туралы басты құжатты табыстау рәсімі университеттің акт залында өтті. Салтанатты рәсімді ШҚМТУ ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ. Шаймарданов ашты. Ол балалардың оқуды үздік аяқтағандарын және 2016 жылы оқуды тәмамдаған 1033 түлектің 110 студент-түлегі қызыл диплом алғанын айтып, түлектерді, ата-аналар мен университеттің оқытушыларын шын жүректен құттықтады.

Тілек сөздерімен ақпараттық технологиялар және бизнес факультеті деканының орынбасары А.Крыкпаева сөйледі. Ол университет түлектерін қуаныштарымен құттықтап, балаларға алған білімдерін одан әрі дамытып, бір орында тоқтап қалмай биіктерден көріне берулерін тіледі.

Студенттер де ізгі-ниеттерін білдіріп жатты. Университет түлегі, қызыл диплом иегері Сая Жандарбекова барлық студенттердің атынын, оның ішінде түлектердің атынан университет ұжымы мен оқытушыларына берген білімдері мен тәрбиесі үшін алғыс айтты.

Жылы сөздер мен достық тілек эстафетасын инженерия факультетінің деканы М.В.Дудкин және жер туралы ғылымдар факультетінің техника ғылымдарының  кандидаты Г.А.Кокаева қабылдады. «Диплом алу – өмірлеріңдегі ұмытылмас, ең қуанышты есте қаларлық сәт! Бір емес бірнеше жыл қатарынан еңбектеніп оқып, көбірек білім алу үшін бар күш-жігерлеріңді салып оқып, нәтижесінде үздік дипломға қол жеткіздіңдер. Бұл жеңіс сендердің таза еңбектерің. Таза еңбек пен адал күш қана үлкен шыңды бағындыратын сендер тағы бір рет дәлелдедіңдер» деген шынайы ниетпен түлектерді тағы бір құттықтап, денсаулық, бақыт пен сәттілік тіледі.

Геодезия, картография және кадастр кафедрасының түлегі, қызыл диплом иегері Азамат Қайсарұлы Каппасов «Құрметті университет ұжымы және оқытушылар! Біздің Сіздерге айтар алғысымыз бен рахметіміз шексіз. Бізге бөлген баға жетпес тәжірибелеріңіз бен алтын уақыттарыңыздың арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Университет қабырғасындағы алған біліміміздің арқасында өмір жолында кездесетін қиындықтар мен кедергілерді жеңіп шығуға дайынбыз. Осы күнге дейін бойымызға патриоттық сезімді ұялатып, әділдік пен қайсарлықты үйреттіңіздер. Бірінші күннен берген білімдеріңіз бен тәрбиелеріңізді мәңгілік ұмытпаймыз. Біз Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ түлегі болғанымызды мақтан тұтамыз және ешқашан ұмытпаймыз. Рахмет!» деген, жүректі тебірентер сөздерімен университет ұжымына алғысын білдірді.

Бұл түлектер университет қабырғасынан кейін алдына асқақ арман қойып, жоспар құрып қойса, ал кейбірі немен айналысып, қай жарқын жолды таңдарын әлі ойлануда. Әрқайсының мамандықтары, қызығушылықтары, өмір жолдары бөлек,  бірақ оларды байланыстыратын бір нәрсе, ол - ШҚМТУ.

Түлектер өз кезегінде университет ректорының атына, декандар мен оқытушыларына, өз ата-аналарына, қиын сәтте жандарынан табылып, көмек қолын созып, бірге болған жандарға алғыстарын жаудырып, рахмет айтты.

Біз де барлық түлектерді үздік диплом алу қуанышымен құттықтап, әлі де жоғары биіктерден көрінуін тілейміз. ШҚМТУ түлектерін тек биік шыңдардан көрейік деген ниеттеміз. Сәт сапар! Сурет 110 қызыл дипломдары

Diplom2016 Diplom2016 doplom2016