Әуе диспетчерлері қалай жұмыс істейді? Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай технологиялар қолданылады? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттеріне «Қазаэронавигация» мамандары жауап берді.

Кездесу авиациядағы байланыс құралдары мен әуе диспетчерлерінің кәсіби қызметіне арналды. Дәрісті тәжірибелі мамандар өткізді: Калкаман Ягудин - 2-сыныпты әуе диспетчері, ұшу жетекшісі және нұсқаушы-диспетчер рұқсатына ие; Азамат Қасілімханов - метеорологиялық жабдықтарды техникалық қамтамасыз ету кешенінің инженері; Ниджат Заутдинов - ұшу радиотехникалық қамтамасыз ету кешенінің инженері.

ШҚТУ студенттері ұшқыштар мен жердегі қызметтер арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін технологиялармен, әуе қозғалысын басқарудың радиотехникалық жүйелерімен және бұл процестегі әуе диспетчерлерінің рөлімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Спикерлер өз тәжірибелерінен нақты жағдайларды баяндап, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, авиация саласындағы ең жауапты әрі жоғары жалақы төленетін мамандықтардың бірі - әуе диспетчері туралы ақпарат ерекше қызығушылық тудырды. «Қазаэронавигация» мамандары бұл саладағы мансаптық мүмкіндіктер, кандидаттарға қойылатын талаптар және мамандарды даярлау үдерісі туралы айтып берді.

Қонақ дәріс ШҚТУ студенттеріне авиация әлеміне еніп, заманауи әуе навигациясы технологиялары туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар студенттерге теорияны меңгеріп қана қоймай, саланың нақты жұмыс барысын көруге де көмектеседі.