Университеттің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Жадыра Қонырбаева және Мектеп декандары оқу орынның серіктес кәсіпорындарының қызметкерлерімен бірге бітіруші студенттерді жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру перспективалары, білікті кадрларды дайындаудағы қажеттіліктер туралы сөз қозғалды.
Нарық кеңесіне өңірдің 30-дан астам жетекші кәсіпорындары қатысты. Кездесу барысында «Казцинк» ЖШС , «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС , «КАЗГИПРОЦВЕТМЕТ» ЖШС, «Проммашкомплект» ЖШС, «УМЗ» АҚ және «Бипэк Авто» серіктес компанияларының өкілдері өздерінің мүмкіндіктері мен бітірушілерге деген талаптарын ортаға салды.
- Магистратурада оқытудың икемді түрін қарастыруды ұсынамын, өйткені онда көбінесе жұмыс істейтін адамдар түседі. Сондай-ақ студенттерге ағылшын тілін меңгеруді міндеттеу керек деп ойлаймын, - дейді «KAZ Minerals» ЖШС кәсіпорнының өкілі Бауыржан Абылқасымұлы.
Магистратураға қатысты айтатын болсақ, ШҚТУ-да дуальды оқыту жүйесі жұмыс істейді. Сондай ақ, келер жылдан бастап теориялық біліммен қатар тәжірибеге баса назар аударылатын болады.
- Талапкер мамандық таңдаған уақытта, қай жерде және қандай жағдайда жұмыс істейтіні туралы хабардар болғанын қалаймыз. Ол үшін біз экскурсиялар өткізуге дайынбыз. Ал студенттер тәжірибелік бағытта қарқынды жұмыс істеуі керек. Біздің кәсіпорында студенттер үшін тағылымдамадан өту бағдарламасы бар екенін айта кетейін, - деді «Казцинк» ЖШС кәсіпорнының өкілі Светлана Плотникова.
Бүгінде ШҚТУ-дың ресми сайтында электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Ол жерде бітіруші студенттер өздерінің мінездемелерін жүктеп, қандай жұмыс қалайтындарын жазып қалдыра алады. Ал жұмыс берушілер сол жерде бітірушілермен байланысқа шығады. Қазіргі уақытта электронды еңбек биржасында 43 кәсіпорын тіркелген. Жұмыс берушілерден бүгінгі таңда өзекті 100-ден астам бос жұмыс орны жарияланған.
Кездесуге қатысушылардың шешімі бойынша нарық кеңесі әр тоқсан сайын өткізілетін болады. Бүгінгі алғашқы отырыс нәтижесі бойынша, университет кәсіпорындармен бірге мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, өндірістік тәжірибеден өткізудің тұжырымдамалық тәсілін қайта қарастырады және ШҚТУ-дың еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешумен айналысатын болады.