ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 пункте өткізіледі. Бұл жайында ҚР Үкіметінің отырысында білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Отырыс барысында аталып өткендей, тест 120 сұрақтан тұрады. Максималды балл - 140. Шекті балл - 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.

Министрдің айтуынша, 2018 жылы ҰБТ 15-ші рет өткізілмек. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80%-ын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі.

«Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ - жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр», - деді Е. Сағадиев.

Қорытынды аттестаттау, басқа сөзбен айтқанда мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқармаларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізілетін болады.

«2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді, яғни былтырғы жылғы форматқа сәйкес өткізіледі. ҰБТ-ның өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны да өзгермейді», - деп білім және ғылым министрі атап өтті.