2025 жылғы 16 сәуірде Барнаул қаласында Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығы ұйымдастырған «Ұлы Отан соғысы: Ресей мен Орталық Азия халықтарының Жеңіске қосқан үлесі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел академиялық ынтымақтастықтың маңызды форматтарының бірі болды. Алтай мемлекеттік университеті мен ШҚТУ арасындағы серіктестікті белсенді қолдағаны үшін университет ректоры Рахметуллина С.Ж.-ға АлтМУ мен «Үлкен Алтай» орталығы басшылығының атынан алғыс хаты табысталды.

Дискуссия жұмысына ШҚТУ атынан Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиева К.С. және 24 ВТК-1 тобының студенті Жұмағалиева Адина қатысты.

Шара барысында ғалымдар Қазақстан мен Қырғызстанның Жеңіске қосқан үлесін, Минц комиссиясының Орталық Азия халықтарының соғысқа қатысуы туралы бұрын жарияланбаған материалдарын, сондай-ақ соғыс кезіндегі Кеңестік Өзбекстандағы өмірді талқылады. Сонымен қатар «Барнаул: Жеңістің 80 жылдығы. Ұлы Отан соғысы батырлары - барнаулдықтарға арналады» атты монография таныстырылды.

Шараның эмоционалдық өзегіне айналған К.С. Қалиева-ның баяндамасында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан төрт Қалиев бауырдың тағдырын зерттеу тәжірибесі баяндалды. Әсіресе Псков облысына жасалған естелік сапар – Қалиевтердің туған атасы Адайқан Қалиұлы жерленген бауырлас зиратқа барғаны туралы әңгіме ерекше әсер қалдырды. Бұл баяндаманың кездесуге терең рухани сипат бергені атап өтілді.

Кештің көрнекті сәттерінің бірі – ШҚТУ студенті Адина Жұмағалиеваның әсерлі өнер көрсетуі болды. Домбыраның сырлы үнімен сүйемелденген «Журавли» әнінің әуені тыңдаушылардың жүрегін толқытты. Оның орындауы «Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған өлеңдер мен әндер» атты әдеби-музыкалық композицияның жарқын көріністерінің біріне айналды. Бұл композиция аясында АлтМУ студенттері Жамбыл Жабаев, Ғафур Ғұлам, Сооронбай Жүсбеков, Анна Ковусова және Мирзо Турсун-заде сынды көрнекті ақындардың шығармаларын оқыды.

Дөңгелек үстел қатысушыларына мемлекеттік тудың түстік гаммасын біріктіретін Жеңіс мерекесінің қазақстандық нұсқасы – «Жеңіс лентасы», сондай-ақ «Ұлы дала рәміздері» сериясынан ашықхаттар сыйға тартылды.

ШҚТУ-дың халықаралық дөңгелек үстелге қатысуы тарихи жадыны сақтау жолындағы академиялық үнқатыс пен бірлескен бастамалардың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Қалиева К.С.
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы