Мәскеу қаласында ШҚМТУ жұмыс тобы Ұлттық ядролық зерттеу университетінде ортақ бағдарламалар бойынша әріптестерімен кездесті. Топ құрамында Инженерия мектебінің деканы Айбек Ақаев, Ақпараттық технологиялар мен интеллектуалдық жүйелер мектебінің доценті Гүлназ Жомартқызы, ШҚМТУ халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Тамара Сегеда болды. Серіктес оқу орнына ат басын тіреудегі негізгі мақсат – бакалавриат пен магистратура бойынша бірлескен білім бағдарламаларын дамыту мәселелерін талқылау.
Жалпы, аталмыш мәскеулік университетпен қарым-қатынас ертеректе басталғанымен, осы 2019 жылы ерекше қарқынмен белсенді дами түсті. Кездесуде ақпараттық технологиялар, құрал-сайман жасақтау, материалтану бойынша бірлескен жұмыстардың жаға бағыттары талқыланды.
Даярлық жұмыстары сәтті жүзеге асты. Қазірдің өзінде 2020 оқу жылына нақты жоспарлар да бекітілді.
Мәскеулік оқу орнының білім бағдарламаларын экспорттау басқармасының басшысы Андрей Бобыло Қазақстан мен Ресейдің білім жүйесінде сәйкес келмейтін тұстары бар деп отыр. Мәселен, мамандар техникалық пәндер, маман даярлаудағы инженерлік бағыттар, сабақ сандары, пәндерді қайта тапсыру бойынша айырмашылықтар, қайшылықтар бар екендігін алға тартты. Алайда, екі тарап мамандары бірлескен жұмыс арқасында бұл түйткілді тұстарды түзетуге болатындығын атап өтті.
Айта кету керек, Ресейдің білім беру жүйесі соңғы жылдары қатаң қадағаланып, білім сапасын стандарттау бойынша ауқымды реформа жүргізіле бастаған еді. Қос тарап бір-бірінің ыңғайына көніп, қажетті құжаттарды бірлесе бейімдеп келеңсіз деректерді оңтайландыруға тырысып бағуда.
Алдағы ректорлар кездесуінде бірлескен қызметті дамыту бағыттары талқыланбақ.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің Бренд-офис