12–13 ақпан күндері Алматы қаласында «Жоғары білім және ғылым: Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиын отандық ғылым мен жоғары білімнің болашағына арналған стратегиялық диалог алаңына айналды.

Спикерлер өз баяндамаларында ғылымды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттарын, ғылым, білім және өндіріс интеграциясы мәселелерін ұсынды. Талқылау барысында университеттердің цифрлық трансформациясы, білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні енгізу, жаңа технологиялық экономика үшін кадрлар даярлау мәселелері негізгі назарда болды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының практикалық бағыттылығы мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға ерекше мән берілді.

Министр Саясат Нұрбек өз баяндамасында ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын таныстырып, 2026 жылға арналған жоғары білім жүйесінің негізгі міндеттерін белгіледі. Сонымен қатар заманауи инженерлік білім беру модельдері қарастырылып, Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын дамыту бастамалары жарияланды.

Елдің жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми жобалары көрмесі аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша екі жобаның нәтижесін ұсынды. Университет жобалары жоғары практикалық дайындық деңгейін және индустриялық серіктестермен тығыз кооперацияны көрсетті.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын отандық медициналық құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды әзірлеу технологиясына арналған жоба тудырды. Университет хирургия, травматология және ортопедияға арналған құралдар желісін, сондай-ақ онкологиялық аурулар кезінде сүйек ақауларын алмастыруға арналған дербестендірілген шешімдерді қоса алғанда, 20-дан астам имплантат түрін таныстырды. Клиникалық зерттеулер аясында Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы қолдауымен 140-тан астам операция жасалды. Жоба импортты алмастыруға және медициналық аспап жасау саласының отандық технологиялық базасын қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік технопаркі базасында бірлескен кәсіпорын құру және отандық өнімдерді сериялық өндіріске шығару жұмыстары жүргізілуде.

Екінші жоба ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектерін нығайту және қалпына келтіруге арналған асадыбыстық доғалы металдандыру технологиясын әзірлеу мен енгізуге бағытталған. Жоба бизнес-серіктес — PlasmaScience ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Сынақ нәтижелері бойынша нығайтылған бөлшектердің массалық тозуы 35–45%-ға төмендеп, пайдалану ресурсы 1,4–1,6 есеге артқаны расталды. Технология тозатын элементтерді ауыстыру шығындарын 20–30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жағдайында техниканы пайдаланудың экономикалық тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Ұсынылған әзірлемелер жоғары практикалық дайындық деңгейін көрсетіп, салалық ұйымдар мен экономиканың нақты сектор өкілдерінің айтарлықтай қызығушылығын тудырды. ШҚТУ жобалары «ғылым — өндіріс» тиімді кооперациясының және жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық өнімдерді дамытудағы университеттің үлесінің нақты дәлелі болды.