2024 жылғы 24-27 қыркүйек аралығында Сингапур политехникалық университетінде Халықаралық білім беру фестивалі (International Learning Festival) және 2024 жылғы CDIO Халықаралық жұмыс кездесуі (CDIO International Working Meeting 2024) өтуде. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қызметкерлері мен «Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру контекстінде инженерлік білім берудің ұлттық моделін құру» атты ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасының қатысушылары осы ауқымды іс-шарада бой көрсетті.

Фестиваль инженерлік білім беру саласындағы көшбасшыларды, білім беру, ғылым және технологиялар болашағын қалыптастырушыларын бір арнаға жинады. Фестивальдің алғашқы күнінде сарапшылар инженерлік білім беруді трансформациялау және оның болашағы туралы ойларымен бөлісті. Сингапурдың білім министрі Ган Сиоу Хуанг инженерлік білім беру өзгермелі сын-қатерлерге бейімделіп, заманауи технологиялар мен тәсілдерді енгізу арқылы әлеуметтік игілікке ықпал етуі керек екенін атап өтті.

Жапонияның Ұлттық технологиялық институтының президенті Исао Танигучи, консалтингтік компанияның директоры Рут Грэм (Ұлыбритания), Корольдік технологиялық институтының (Швеция) инженерлік білім беруді дамыту кафедрасының профессоры Кристина Эдстрём, Нанян технологиялық университетінің профессоры, Singtel когнитивтік және жасанды интеллект зертханасының тең директоры Онг Ю Сун инженерлік білім берудің мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі таңда университеттерге тек білім беру жеткіліксіз, олар жаңа ойлауды қалыптастыруы қажет. Профессор Онг Ю Сунның айтуынша, компьютерлік ойлау технологиялар қоғамға қызмет ететін, ал математика күрделі мәселелерді шешудің құралы болатын әлемнің ажырамас бөлігіне айналды. Сондай-ақ, тұрақты даму маңызды рөл атқарады: университеттер әлеуметтік және экологиялық аспектілерді ескере отырып, инновациялар жасай алатын инженерлерді дайындауы керек, бұл тұрақты болашақты құруға ықпал етеді.

Фестиваль қатысушылары инженерлік білім берудің әртүрлі аспектілеріне арналған секцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болды: оқытудағы жасанды интеллект, білім берудегі технологиялар, оқытудағы педагогикалық инновациялар, білім беруге стейкхолдерлерді тарту. Осы секциялардың спикерлері қатысушыларға білім беру процесін жақсарту, сыртқы серіктестермен өзара әрекеттестікті нығайту және білім беру бағдарламаларына тұрақты даму қағидаларын интеграциялау бойынша жаңа идеялар мен практикалық құралдарды ұсынды.