Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ- дың колонналы залында «Қазақстанның түсті металлургиясы қалыптасуының тарихы» атты тарихи -құжаттық көрме салтанатты жағдайда ашылды. Оны ұйымдастырғандар Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ және Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты.

Нам есть чем гордиться Нам есть чем гордиться Нам есть чем гордиться

- Бүгін университет базасында аса маңызды шара өтуде, - деді көрмеге қатысушыларға Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов, - бұл жұртшылыққа бірінші рет көрсетіліп отырған түсті өнеркәсібінің даму хроникасының құжаттарымен танысуға мүмкіндік беретін тамаша жағдай. Қазіргі уақытта кен-металлургия кешені Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің базалық салаларының бірі болып табылады, ол еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерін қалыптастыруда маңызды рөль атқарады. Оның онан әрі дамуы біздің аймақ қана емес, тұтас еліміздің болашағына ықпал етеді. Саланың дамуы үшін біздің жоғары оқу орнының түлектеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі, олардың есімдері де болашақта түсті металлургия тарихына енетініне сенемін.

Өзінің сөзінде облыс әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Омар көрме Шығыс Қазақстанның орталығында, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ қабырғасында өтіп жатқаны тегін еместігін атап өтті:

- Біздің аймақта түсті металдардың бірегей кен орындары орналасқан, мұнда кен-металлургия саласының ірі кәсіпорындары шоғырланған, ал университетте еліміздің экономикасы үшін білікті мамандар даярланады, оның ішінде кен металлургия кешені де мамандарды осы оқу орнынан алады, - деді ол. - Қазақстан түсті өнеркәсібінің қалыптасып дамуы, оның қойнауын игеру, жаңа кен орындарын ашып, заманауи кәсіпорындар салу тарихы - бұл қазіргі Қазақстанның индустриалдық табысының тарихы. Сондықтан болашаққа сенімді қадам жасау үшін жас мамандар еліміздің байырғы өнеркәсіп саласының қалыптасу тарихын жақсы білуі керек.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров айтқандай, көрменің негізгі идеясы мұрағаттық құжаттар, мұражай экспонаттары, Шығыс Қазақстан облысының түсті кәсіпорындары материалдары арқылы аймақтың индустриалдық дамуындағы түсті металлургияның қалыптасуы мен дамуының рөлін, оның ерлікке толы өткені мен бүгінгісін, облыс экономикасының жетістіктері мен табыстарын көрсету еді.

- Бүгін өте маңызды шара өтуде, - деді Борис Әлікенұлы.- Қазіргі заман жастары бұл саланы дамыту үшін аға ұрпақ қандай қажыр - қайрат жұмсағанын білуі тиіс.

Көрмеге қойылған құжаттар мен басқа да материалдар ХХ ғасырда түсті металлургияның қалыптасуы және даму тарихы туралы сыр шертеді.Еліміздің жер қойнауын жедел игеру осы кезеңге тұстас келеді.Суреттер, үкіметтің сол кездегі қаулылары, кәсіпорын басшыларының есептері мен баяндамалары сол жылдардың даму перспективалары, міндеттер мен проблемалары туралы әңгімелейді.

Көрмеге шақырылған облыс өнеркәсіп кәсіпорындарының ардагерлері өздерінің еңбек жолдары туралы айтып берді.Ертеңгі жас металлургтер - жоғары курс студенттеріне «Казцинк» ЖШС ардагерлер кеңесі атынан Леонид Машиев, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ардагері, профессор Борис Сырнев ағалық тілектерін жолдады.

«Казцинк» ЖШС-ның Риддер кен байыту комбинаты мұражайының директоры Михаил Немцовтың, «ҚР минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК филиалының ғылыми хатшысы Елена Сычеваның, Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының қорларының бас қорғаушысы Любовь Рифельдің сөздері зор қызығушылықпен тыңдалды.

 

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың баспасөз қызметі