Қазақ-Неміс білім және ғылым апталығы аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де Брандербург техникалық университеті өкілдерінің қатысуымен «Металлургия саласының инновацияларының тұрақтылығы мен цифрландыру дамуының негізгі бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Бағдарламада тақырып бағыттары кеңінен ашылып, олардың әрқайсысы қазіргі заманғы металлургия өнеркәсібінің негізгі міндеттері мен мүмкіндіктерін айшықтап көрсетті: «Жаңа материалдар мен қорытпалар» - қатысушылар жаңа материалдар мен қорытпаларды әзірлеудегі соңғы жетістіктерін талқыға салды. Атап айтсақ, бұйымдардың беріктігі, олардың ұзақ уақытқа жарамдылығы және тұрақтылығы сөз етілді. Ол өз кезегінде өндірістің сапасын айтарлықтай жақсарта алады.
Жоғары температура мен агресивті орта сияқты қауіпті жұмыс жағдайларына төтеп бере алатын материалдарға ерекше назар аударылды; «Тұрақты даму және экология» - осы бағытта металлургиялық өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға сеп болатын экологиялық таза технологиялар мен материалдарды енгізу мәселелері қарастырылды. Қатысушылар көміртегі іздерін азайту және қалдықтарды басқаруды оңтайластыру тәжірибесімен бөлісті. «Цифрландыру және автоматтандыру» - бұл тақырып металлургия саласында белсенді пікірталас тудырды. Өндірістік процестерді автоматтандыру, өндіріс тиімділігі мен дәлдігін арттыру үшін үлкен деректер мен жасанды интеллектті пайдалану саласында озық шешімдер ұсынылды. Өндірісті басқаруды оңтайландыруға мүмкіндік беретін цифрлық егіздерді және мониторинг жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылды; «Энергия тиімділігі» - металлургиядағы энергия тиімділігін арттырудың жаңа әдістері талқыланды. Қатысушылар энергия үнемдейтін жабдықтар мен технологияларды пайдаланудың озық тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ өндіріс процестерінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жетістіктерін айта кетті. Отырыста «Жоғары температуралы металлургия» - ортақ тақырыптардың бірі жоғары температуралы материалдармен және олардың үдерістерімен жұмыс жасау мәселесі де көтерілді. Өте жоғары температурада металдарды өндіру мен өңдеудің жаңа тәсілдері қарастырылды, бұл әртүрлі салаларда неғұрлым берік және сапасы сын көтеретін өнімдерді жасауға мүмкіндіктер ашады;
Соңғы бағыты «Инновациялық өңдеу әдістері» - яғни металдар мен қорытпаларды өңдеудің инновациялық әдістері болды. Қатысушылар аддитивті өндіріс, лазерлік өңдеу, термиялық және химиялық өңдеудің жаңа түрлерін қолдану сияқты соңғы технологияларды талқылады. Бұл әдістер өнімнің сапасын айтарлықтай жақсартуға және металдарды әртүрлі салаларда пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Әр сала терең талқылау нысанына айналды, бұл қатысушыларға өзекті білім мен жаңа идеяларымен алмасуға, сондай-ақ одан әрі ғылыми зерттеулер мен металлургия саласында тәжірибеде қолданудың перспективалық бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
ШҚТУ ғалымдары ұсынған ғылыми жоба презентацияларына ерекше назар аударылды. Олардың ішінде: «Тамыр аймағына сұйық тыңайтқыштарды енгізуге арналған болат инжекторлардың трибологиялық және коррозиялық сипаттамаларын арттыру»; «Технологиялық шикізатты микротолқынды өңдеудің әсерін зерттеу» және «Зымыран-ғарыштық технология өнімдерінің термикалық кернеулі бөлшектері мен тораптары үшін YSZ/GZO термиялық тосқауыл жабындарын алудың аралас әдісін әзірлеу» тақырыптары талқыланды.
Дөңгелек үстелге Бранденбург техникалық университетінің өкілдері, ШҚТУ ғалымдары мен қызметкерлері қатысты. Серікбаева Д., «Металлургия» білім беру бағдарламасының оқытушылары, сонымен қатар осы бағдарламаның магистранттары мен жоғары курс студенттері қатысты. Іс-шара металлургия саласындағы білім мен тәжірибе алмасудың, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.