Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Басқарма төрағасы-ректор Рахметуллина Сәуле Жадыгерқызының төрағалығымен Басқарма отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде білім беру үдерісіне жасанды интеллект енгізу, желілік инженерлік мектепті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары және 2023-24 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы есеп, докторлық диссертацияларды қорғау және диссертациялық кеңестер жұмысының тиімділігі мәселелері болды және жер туралы ғылымдар мектебі мен сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің стратегиясын іске асыру бойынша есептер тыңдалды.

ШҚТУ мектептерінің декандары әртүрлі бағыттар бойынша білім беру процесіне жасанды интеллект пен нейрожелілерді қолданудың жоспарлары мен негізгі бағыттары, білім беру бағдарламаларына жаңа технологияларды интеграциялау, практикалық (зертханалық) сабақтарда, мастер-класстарда, вебинарларда және жеке сабақтарда жасанды интеллектты қалай пайдалануға болатындығы туралы айтып берді. Басқарма декандар мен білім беру бағдарламаларының басшыларына оқу процесіне жасанды интеллектті енгізу үшін негізгі құрамдас бөліктерді анықтау міндеттерін берді: білім беру бағдарламалары (ЖИ элементтері бар пәндер, қажетті онлайн курстар мен ресурстар, технологиялар мен қосымша құралдар); университеттің материалдық-техникалық базасын қажетті жақсарту; ЖОО-ның ғылыми-педагогикалық қызметкерлері үшін қажетті қосымша оқыту.

Желілік инженерлік мектепті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары және 2023-24 оқу жылында орындалған жұмыстар туралы ЖИМ басшысы Құралханова Айнұр Әділбекқызы айтып берді. Оның айтуынша, орта мектептермен, оқушылар үшін өткізілетін желілік олимпиадалармен, оқытушылармен көшпелі сессиялармен, қосымша жарыстар мен хакатондарды ұйымдастыру, «Пайдалы каникул» және «Жас Талап-KZ олимпиадасы» жобаларымен жұмыс күшейтіледі.

Докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі жұмыс және диссертациялық кеңестер жұмысының тиімділігі туралы ғылыми-зерттеу қызметі департаментінің директоры Уазырханова Гүлжаз Кеңесханқызы баяндады. Ол «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңестің одан әрі жұмыс істеуі үшін; «Машина жасау» және «Металлургия» даярлау бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер құру үшін; ШҚТУ докторанттарының докторлық диссертацияларды қорғау жоспарын орындауы туралы айтты.

Сондай-ақ, басқарма отырысында Жер туралы ғылымдар Мектебі мен сәулет, құрылыс және энергетика Мектебінің стратегиясын іске асыру жөніндегі есеп тыңдалды.