Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде дәстүрлі «Ғылым апталығы – 2025» аясында Архитектура, құрылыс және энергетика мектебі бірқатар танымдық және ғылыми-маңызды шаралар ұйымдастырды.

Алғашқы болып, Құрылыс саласындағы құзыреттер мен технология трансфері орталығының базасында «Өндіріс үшін ғылым: Грунттар» тақырыбында воркшоп өтті. Бұл шараға өңірдегі құрылыс саласындағы кәсіпорындардың өкілдері қатысып, құрылыс барысында топырақтың сапасын бақылау, оның физика-механикалық қасиеттерін анықтау әдістемелері бойынша шеберлік сағатына қатысты. Воркшоп практикалық мазмұнымен ерекшеленіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.

Магистранттар үшін де ерекше ғылыми платформа ұйымдастырылды. «Құрылыс» білім беру бағдарламасының магистранттарына арналған «Магистрлік оқылымдар» ғылыми кездесуі «Құрылыс саласындағы BIM-жобалау» ғылыми-практикалық орталығында өтті. Шара Ресей Федерациясының Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты Александр Борисович Шмидтің баяндамасымен ашылды. Ғалым өз сөзінде заманауи жобалау және есептеу әдістері, жасанды интеллектті пайдалану, виртуалды және толықтырылған шындық элементтерін құрылыс саласына енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, 1993 жылдан бастап әлемдік деңгейде аталып өтетін «Су ресурстарының дүниежүзілік күніне» орай, университет жанындағы Су шаруашылығы саласындағы құзыреттер мен технология трансфері орталығының мамандары белсенділік танытты. Олар су ресурстарының адамзат дамуына тигізер ықпалын насихаттау мақсатында түрлі ақпараттық-танымдық шаралар ұйымдастырып, жастарға судың маңызын жеткізуге атсалысты.

Апта аясындағы тағы бір маңызды шара – жас ғалымдарға арналған ХІ Халықаралық ғылыми-техникалық конференция. «Қазақстанның инновациялық дамуына жастар шығармашылығы» атты бұл жиын шеңберінде студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас зерттеушілердің қатысуымен секциялық отырыстар өтті. Атап айтқанда, «Құрылыс және сәулет саласындағы жасанды интеллект» және «Энергетикадағы жасанды интеллектті қолданудың жаңа мүмкіндіктері» бағыттары бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылды.

Ғылым апталығы аясында өткен бұл іс-шаралар университеттің ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудағы, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу арқылы білім сапасын арттырудағы рөлін айқын көрсетті.