Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-Ректор Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызының ШҚО жұртшылығына 2022-2023 оқу жылындағы ЖОО қызметі туралы есеп беру брифингін өткізді.
Іс-шараға өңірдің беделді кәсіпорындары, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мүшелері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Университет ректоры жиналған қауымға жоғары оқу орнының 2022-2023 оқу жылында атқарған қызметіне, жетістіктеріне, қаржылық-шаруашылық жұмыстарына тоқталып өтті. Бұдан бөлек жастар саясаты, оларды қолдау тақырыптары да кеңінен баяндалды.
«Өткен оқу жылы біз үшін айтарлықтай серпінді болды. Біріншіден, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ алғаш рет Ұлыбританияның QS агенттігінің ең көп дәйексөз келтірілген академиялық рейтингіне кіріп және жай ғана қатарға қосылып қана қоймай, бірден әлемнің 18400 университетінен 901-950 үздік орында көрінді», - деді Сәуле Жәдігерқызы.
Халықаралық аудит қорытындысы бойынша университет алғаш рет жоғары бағаға ие болды: QS Stars халықаралық рейтингінде жоғары оқу орнына "4 жұлдыз" тағайындалды. Бұл рейтинг университетті 50 түрлі көрсеткіш бойынша бағалайды. ШҚТУ оқыту, жұмысқа орналастыру, тұрақты даму санаттары бойынша "өте жақсы" баға алды.
Бұдан бөлек, университет алғаш рет The Times Higher Education Impact беделді рейтингіне, әлемдік деңгейдегі топ 850-ге және Қазақстан бойынша топ-2-ге кірді.
Жылдың тағы бір табысы - Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ CDIO (conceive, design, implement, operate) бастамасының ОА-дағы бірінші толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл MIT бастамашы болып отырған тәжірибеге бағдарланған кадрларды даярлау стандарттары. Қазір осының негізінде инженерлік білім берудің ұлттық моделі әзірленуде.
«Университет халықаралық стандарттар бойынша дамып келеді. Биыл қаңтарда 12 білім беру бағдарламасы Германияның ASIIN агенттігінде халықаралық аккредиттеуден өтіп, халықаралық деңгейде сапасын растады.
ЖОО - да 13 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде жүргізіледі. 2023 жылдың шілдесінен бастап ШҚТУ IDP IELTS Kazakhstan емтихан орталығының ресми аккредиттелген серіктесі атанып, барлық тілек білдірушілерге ағылшын тілі деңгейін ресми растауға мүмкіндік береді.
10 ғалым Американың, Ұлыбританияның, Ресейдің, Түркияның жоғарғы оқу орындарында "Болашақ" бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті», - деді ректор.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тяньцзинь университетімен бірлесіп Қазақстанда Лу Бань шеберханасын ашады. Мұндай шеберханалар әлемнің 20 елінде ашылған.
Жобаны аяқтау және Лу Бань шеберханасын ашу 2023 жылдың қазан айында жоспарланған.
«ШҚТУ базасында металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы қазақстан-неміс ғылым және технологиялар институты құрылуда. Бұл туралы екі елдің президенттері: Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмаердің қатысуымен өткен Қазақстан-Германия университеттерінің форумы шеңберінде келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба - ШҚТУ базасында тау-кен металлургия саласындағы академиялық артықшылық орталығын құру», - деді Сәуле Жәдігерқызы.
Сөз соңында университет басшысы брифингке қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.