Семинарда атом саласындағы ғалымдар мен сарапшылар бакалавр, магистрант және докторанттармен бірге Президенттің Жолдауын түсіндіріп, талқылады. 

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында бейбіт атомды дамыту тақырыбына тоқталып, елде АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдум күнін 2024 жылдың 6 қазанына белгіледі. Сондықтан ШҚТУ мамандары мен сарапшылары атом энергетикасы саласындағы өзекті тақырыптарға жауап беру үшін баяндамалар жасады. 

Студенттерге нақты деректер мен мысалдар арқылы АЭС - бұл ауа райына қарамастан үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін сенімді энергия көзі екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар, парниктік газдар шығарындыларының төмендеуі, ұзақ мерзімді экономикалық тиімділік сияқты бірқатар артықшылықтары бар екендігі айтылды. 

Сондай-ақ 60 жыл ішінде азаматтық атом энергетикасында үш ірі апаттың ғана болғанын ескерту қажет: Три-Майл-Айленд (1979, АҚШ), Чернобыль (1986, Украина) және Фукусима-1 (2011, Жапония). Бұл оқиғалардың барлығы бірнеше факторлардың, соның ішінде сыртқы факторлардың (Жапониядағы цунами) әсерімен байланысты болды. Бұл оқиғалар ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық стандарттарды қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. 

Сонымен қатар, кадрларды даярлау және ядролық ғылымды дамыту мәселесі өзекті болып қалуда. Қазақстанда ядролық ғылым мен технологиялар саласындағы мамандарды даярлау орталығы құрылуда. Ол кәсіби мамандардың тапшылығы және зертханалық базаның тозуы мәселелерін шешуге, сондай-ақ сыни білімді сақтауға бағытталған. 

ШҚТУ Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Акаев өз сөзінде: 
«Қазақстан үшін атомдық генерацияны дамыту маңызды. АЭС құрылысы тек көміртегі ізін азайтып қана қоймай, елдің ғылыми-техникалық әлеуетінің өсуіне және жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, мультипликативті әлеуметтік-экономикалық әсер береді», - деп топшылады.

Жалпы, көмір электр станцияларының тозуына және электр энергиясын тұтынудың өсуіне байланысты атом энергетикасын дамыту көміртегі бейтараптығының әлемдік күн тәртібіне жауап беретін және Қазақстанның энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қажеттілікке айналуда.