Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Ректоры Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының Қазақстанның орнықты отбасы, демография және гендерлік теңдік мәселелері бойынша халықаралық ғылыми конференциясына қатысты.
«Жаңа Қазақстан» жолында көптеген мәселелерге жаңа көзқарас, пікір және ұстаным қалыптасып келеді. Айтулы конференция отбасы, гендерлік және демографиялық саясат мәселелері бойынша билік, ғылым және бизнес өкілдерінің өзара іс-қимылы үшін ауқымды диалог алаңын құру, сондай-ақ саясатты жүргізуде ғылыми-негізделген тәсілді қолдауды көздейді.
2020 жылы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы Гендерлік теңдік белгісі бойынша күміс сертификатқа иеленді. Бұл –түрлі бағдарламаларда, серіктестіктерде, байланыс пен құқық қорғауда және азаматтық мүддені сақтауда, басқару жүйесінде, ішкі орта мен ұжым мүмкіндігіндегі гендерлік мәселені тіркеу стандарттарының жоғары көрсеткішін айқындайды.
БҰҰ жыл сайынғы адам дамуының 2021-2022 жылғы Баяндамасында гендерлік даму Индексі бойынша Қазақстан ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік дәрежесі бойынша жоғары 1 топтық елдер қатарына кірген.
Бүкіләлемдік экономикалық форуммен құрылған Жаһандық гендерлік үзіліс индексінде Қазақстан 146 елдің арасында 65-ші орынды иеленген. Еліміз гендерлік даму саласындағы сәтті реформаларының арқасында 15 санатқа бірден жоғарылады. Әсіресе, білім саласында 63-ші орыннан 27-ші орынға көтерілгенін ерекше айта кету керек. Еліміздің бұл бағыттағы сәтті саясаты 2020 жылдары оңынан жүзеге асты. Қазір Қазақстан Республикасындағы ғалымдардың 54 пайызын әйелдер алып отырғаны да бекер емес.
«Қазақстанның орнықты отбасы, демография және гендерлік теңдік мәселелері» ғылыми конференциясына көптеген халықаралық ұйымдар, бүкіләлемдік банк өкілдері, әлемдік алаңда мойындалған жоба авторлары, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстардың жетекшілері, университеттер басшылары қатысты.
Айтулы жиында бала ісі, халықтың демографиялық хал күйі мен көрсеткіштері, әйел тұрмыстағы құқығы мен қызметтегі, бизнестегі мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды.
Жоғарыда ғылым саласындағы әйелдер қауымының үлесіне қатысты Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды мысалға келтіре кеткен абзал. Университеттің тыныс тіршілігіне 1000-ға жуық азамат қызмет етсе, олардың 63 пайызы әйелдер. Басқарушы құрамның 71 пайызы нәзік жанды азаматтарымыз. Директорлар кеңесінің 37 пайызын әйелдер құрайды.
Қазіргі қоғамда әйел теңдігіне байланысты көптеген талқылаулар, пікірлер айтылып, мәселелер көтерілуде. Бүгінгі мемлекеттік деңгейдегі гендерлік ғылыми конференция көптеген мәселелердің шешіміне себеп болады деген сенім артамыз.