Тренингтің мақсаты – студенттердің эмпатиясын, қайырымдылық сезімін және бір-біріне құрметпен қарау мәдениетін дамыту, сондай-ақ топта сенімге негізделген жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру.
«Жылы жүрек» ұғымы адамның өзгенің көңіл күйін түсінуін, қиын жағдайда қолдау көрсете білуін, ізгі ниет пен шынайы қамқорлық танытуын білдіреді. Мұндай қасиеттер студенттердің жаңа ортаға бейімделуіне, топпен ынтымақтастық орнатуына және тұлғааралық келіспеушіліктерді сындарлы шешуіне ықпал етеді.
Тренинг барысында студенттер «Жылы сөз», «Жүректен жүрекке» және «Мейірімділік шеңбері» жаттығуларына қатысты. Олар бір-біріне ізгі тілектер айтып, қолдау білдірудің қарапайым тәсілдерін талқылады және «Мен айналамдағы адамдарға қандай жақсылық жасай аламын?» тақырыбында рефлексия жүргізді. Тапсырмалар қатысушылардың өз сезімдерін ашық жеткізуіне, өзгені мұқият тыңдауына және жағымды кері байланыс беруіне мүмкіндік берді.
Тренингті М.О. Самадиева ұйымдастырды. Іс-шара соңында студенттер мейірімді сөзбен дер кезінде көрсетілген қолдаудың адамға сенім беретінін атап өтті. «Жылы жүрек» тренингі топтық бірлікті нығайтуға, өзара құрмет пен жанашырлық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды.