"Жас ғалым" және "Молодой ученый" гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың қорытындысы шықты. Нәтижелері бойынша Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дан бірден 13 жас ғалым өз зерттеулерін жүргізуге қаржылай қолдау алады.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жас ғалымдар тобы ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының аға ғылыми қызметкері Нұрия Мұхамедовамен бірлесіп, «Энергия, озық материалдар және көлік» басым бағыты бойынша «Бор нитридтері негізінде бірнеше әрекетті гидридтерді әзірлеу» тақырыбында жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс шеңберінде грант жеңіп алды. Бұл біздің университет үшін маңызды жетістік және болашақта озық технологиялардың дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін.

Сондай-ақ, «Жас ғалым» байқауының қорытындысы бойынша ШҚТУ-дың 12 постдокторанты зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша байқауда жеңіске жетті. Енді менің әріптестерім - Аманкелді Тұраров, Самат Байгереев, Бекзат Әукенова, Алексей Қасымбаев, Риза Ғабдысалық, Данагүл Әубәкірова, Жанерке Төлеуханова, Жансерік Шошай, Әйгерім Исмухамедова, Меруерт Өтегенова, Ләзат Лиақын және Бақытгүл Ағалиева төрт басым бағытқа: «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті» бағытталған өз жобаларымен жұмыс істейтін болады. Бұл біздің ғылыми мектебіміздің жоғары деңгейін және жас ғалымдарымыздың зор әлеуетінің тағы бір дәлелі.

Барлық жеңімпаздарды құттықтай отырып, жобаларын іске асыруда толағай табыс тілеймін. Сіздердің жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және ғылым мен инновацияның жаңа шыңдарына жету жолында сіздердің қолдаушыларыңыздың алдыңғы қатарындамыз!