15 желтоқсанда Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ұжымы Елбасының тікелей эфирде барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтауын тыңдау үшін университетте жиналды.
«Елу жылда ел жаңа деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десе де, біз елу емес, небәрі 25 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал біреулері мүлдем мақрұм кететін тарихи жолды бар болғаны ширек жасқа жетпей тәмамдадық. Ол да болса кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбектеріміздің арқасы», деп Н.Назарбаев барлық қазақстандықтарға алғысын білдірді.
Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жандарға, сондай-ақ, барлық салада елім деп аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Жасампаз елі жарқын болашаққа бет алған Тәуелсіз Қазақстанның жолы болсын! Ұлы еліміздің ұлы тағдырын айқындаған Тәуелсіздік күні құтты болсын!