туралы ой толғаныстар бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбына арқау болды. Ұлы ойшылдың туған күні 10 тамыз мереке ретінде жариялануы осы кездесуге түрткі болды. Гуманитарлық білім беру факультетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасы мен қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушылары жүрек түбінде жатқан ойларымен бөлісті.

Адамзат баласының бойындағы адамшылық деп аталатын басты қасиетті сақтап тұратын басты құрал ол рухани тәрбие. Тарих қойнауына сырғып енген небір сұрапыл зобалаң бақытсыздықтар осы рухани тәрбиенің бұзылып, жұмыр басты пенденің азғындауынан бастау алып жатыр. Көнеге көз жібермей-ақ бүгінгі ғылым - білім қарыштаған 21 ғасырдың өзінде адамзат өз тарихында бұрын-соңды болмаған зұлматтарды бастан өткерді емес пе. Демек тек таза ғылыми жетістіктері ғана адам баласын мұратына жеткізіп, бақытқа бөлемейді. Оған әбден көз жетті.

Абай халқының мүшкіл халін ойлап, өткір сөзімен сол қауыптен құтылар сара жолды көрсетті. Яғни, Абай рухани білімді әлем заңдылықтарының негізгі қайнар көзі ретінде ұсынды. Ендеше кемеңгерді кеңінен таныту, оның жүрегіне терең бойлау қазақ баласы үшін рухани тәрбиеге сусындаудың негізгі жолы. Әсіресе қазіргідей бағыты әлі бұлыңғыр тарихи кезең басталған шақта Абай салған жолмен жүру аса маңызды.

Дүниенің дидары күн сайын өзгеріп барады. Кешегіден бүгінгі бәсеке күшті. Тиісінше өмір сүру де қиындап кетті. Қиындықтан шығар шешімді ата-баба жолынан табасың.

Ұлттық сананы өзгерту үшін ең алдымен жеке адам санасы сілкінуі тиіс. Бұл заңдылық Абай ілімінің тұла бойында тұнып жатыр. Ойшыл қоғам тәрбиесі жеке тұлға тәрбиесінен басталатынын көрсетті. Өйткені «Адам түзелмей заман түзелмейді» деп жаңғырта айтып, тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәннен айрылатынын меңзеп, «не болады өңкей нөл» деп налиды. Олай болса, қазақ қоғамының жаңа бетбұрыс жасар сәтінде кемеңгер ақынның жан дүниесіне тағы бір тереңірек үңіліп, даналықтың нәр бұлағынан сусындап көргеніміз дұрысырақ болар. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған сан қағидаларды өзгертпейінше біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Бұл мақсатқа жету үшін формуланы алыстан іздеудің қажеті жоқ. Абайды ашыңыз. Бәрі тайға таңба басқандай жазулы.

Кездесу соңында мемлекеттік қызметке тұру үшін осы Абай ілімдерінен білімін тексеру қажеттілігі жайлы сөз қозғалды. Толық адам бола білген адам қоғамға да мемлекетке зиянын тигізбей адамзаттың дамуына үлес қосатыны айтылды.