Шығыс өңірінің тірек университеттерінің бірі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар легіне жаңаша бастау берген жыл ашылуы өтті. Көзделген мақсат – студенттер қауымын Абай мұрасына тарту, оның әдеби, ақындық әлеміне жол салу, Ұлы тұлғаның Қазақстан үшін ғана емес, әлем өркениеті үшін маңызды тұлға екенін дәріптеп жеткізе білу. Әрине, Ұлы ойшыл, ақын, жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлғаның қалдырған мұрасын, шығармашылығын насихаттау ешқашан үзілген емес. Алайда, мерейтойға байланысты бұл бағытқа басымдылық беріліп, ерекше ынтамен көптеген іс-шаралар өткізілуде. Университеттің Рухани жаңғыру кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жыл ашылуына студенттер, облыстың белді журналистері, қоғам қайраткерлері, жастар ресурстық орталығының басшылығы қатысты. Жалпы, Абай мұрасын насихаттау бойынша жылдар бойы жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Оқу орнында «Абай» клубы аясында шығармашылыққа жақын студенттер өз өнерін шыңдап, техникалық білім алып жатса да жан азығын байытуды тоқтатқан емес. Университеттің бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина өз сөзінде:

«Абай философиясы біздің оқу орнында тәрбие жұмысының негізіне алынған. Бүгінгі іс-шарада студенттердің көп болғаны нұр үстіне нұр. Себебі, білім беру мекемесі ретінде біздің басты мақсат-міндетіміз осы жастар арасында Абай тынымын насихаттау, жақындата түсу», - деді.

Сондай-ақ, салтанатты жиында ШҚМТУ қабырғасында «Адам бол» академиясы атты жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Университет үшін биылғы Абай жылының ашылуы «Абай және ХХІ ғасыр» атты курстың енгізілуімен ерекше. Бұл еліміз бойынша баламасы жоқ тың бастама. Аталмыш курсты ұйымдастырғанда көп жылдар бойы ШҚМТУ-да еңбек еткен абайтанушы ғалым Е.Григорьевтың еңбектері мен зерттеу-туындылары негізге алынған. Басты мақсат – Абай ілімі мен Абай өмірі арқылы студенттер бойында басты адами қасиеттерді қалыптастыру.

Әдемі де әсерлі кешті Абай шығармашылығындағы әндермен әрлей білген «Ертіс-концерт» ұжымы мен Байжігіт атындағы ұлттық аспаптар оркестрі болды. Студенттер тарапынан Абай өлеңдерін оқып, әндерін шырқауы жиылғандарға ерекше әсер берді. Жалпы, кез келген мерейтой өткенді ой елегінен өткізіп, қазіргі қолда бардың қасиетіне үңіліп, келешек өмірге дұрыс бағдар алуға итермелейтін шара. Ендеше, Абай бабамыздың мұрасы биыл жаппай рухани азық болсын делік.