Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ қабырғасында «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты семинар-тренинг өтті. Оған ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары бойынша Комитет хатшысы, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі, университет басшылығы және т.б. қатысты.
Семинар барысында әңгіме құқықтық сана, құқықтық мәдениетті қалыптастырудан бастап адамның жеке құқықығы, қоғам мен мемлекет алдындағы құқығына дейін талқыланды. Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі, оның ұтымды әрі әлсіз тұстары да айтылды. Бүгінгі таңда адам құқықтары бойынша Комитеттің барлық органдармен тікелей жұмыс жасауы, халықаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста болуы аса маңызды. Жиын барысында ұлттық мекемелерде азаматтар өтінімдерін қарастырудың жүзеге асырылған жүйесі де қарастырылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары бойынша Кеңесінің жұмысы да ортаға салынды.
Айта кету керек, спикерлер еңбек заңнамасындағы өзгерістер бойынша салыстырмалы сараптама жасаған. Қатысушылар үшін тың ақпарат көп болды. Мәселен, бұрын 18 жасқа толмаған жұмысшыларға, мүгедектерге, конкурс аясында бос орынға орналасқандарға сынақ мерзімі болмаған. Қазір барлығына бірдей 6 айға дейін сынақ мерзімін бекітуге болады. Еңбек кітапшаларын электронды нұсқаға ауыстыру туралы да айтылды. Ал, әйелдер мен балалар құқығы бойынша қысым, зорлық-зомбылық көрсеткіштері және олармен күрес мақсатында қолға алынған шаралар ұсынылды. Әйел теңдігі тақырыбы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай отыр. Ал бала мәселесінде, құқықтық мәдениетті қалыптастыру ұлттық, халықаралық деңгейде қозғалып отырғаны белгілі. Сонау, 17-18 ғасырларда, «Жаңа заман» дәуірі туғанда Еуропа ағартушылары адам және оның құқықтары әр мемлекеттің басты құндылықтары болуы керек деген мәселені көтерді. Алайда, тек 20-ғасырда ғана бұл мәселе құқықтық тұрғыда жазылып, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі маңызға ие болды. Заманауи заңнамалардың да шикі тұстары жыл өткен сайын сүзгіленуде, күшейтілуде. Өйткені, адам құқығының қорғалуы – айрықша маңызға ие. Себебі, адам (оның өмірі мен құқығы да) – мемлекеттің басты құндылығы!