Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімдігін арттыру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен «Antikor Live»жобасы жүзеге асырылуда. «Antikor Live» жобасының кезекті қонағы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ бірінші проректоры, Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілі Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина «Жоғарғы оқу орнына түсу кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында тікелей эфир өткізді. Университеттің Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкіліне әлеуметтік желідегі халықтың пікірлері негізінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Тікелей эфир барысында қазіргі таңда университетте жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іске асырылып жатқан жобалардың барысы туралы атап өтті.
«Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ өзінің білім беру қызметін 1958 жылдан бастап жүргізеді және де еліміздің экономикасы үшiн бакалавриат, магистратура мен PhD докторантураның инженерлiк-техникалық, ақпараттық-технологиялық, экономика-басқарушылық, ғылыми-жаратылыстану, сәулеттік-дизайнерлік білім беру бағдарламаларының кең спектрі бойынша мамандар дайындығын қамтамасыз етедi. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ҚР ең үздік техникалық университеттер арасындағы үштікте (РРА бағалауы бойынша), университеттердің басты рейтингінде ТОП-10-дықта, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы рейтингісінің 5 үздігінің ішінде.Түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші - 94% . Мамандарды даярлаудың мұндай сапасын қамтамасыз ету сыбайлас жемқорлықсыз орта жағдайында ғана мүмкін болатыны сөзсіз,- деді Сәуле Жәдігерқызы .
Сондай-ақ, университеттің парасаттылық стратегиясы жауапкершілік, ашықтық, жүйелілік, тартымдылық және ашықтық сияқты басты қағидаттар арқылы іске асырылатындығы және университет ашықтық принципін ұстанатынын атап өтті.
«Біздің университетіміздің басты міндеті моральдық-адамгершілік әлеуметтік орта - "парасатты университет" құру болып табылады, өйткені академиялық адалдық жоғары оқу орнының бренді ондаған жылдар бойы қалыптасып келді. Парасаттылық саясатының негізгі мақсаты - "парасаттылық аумағын" құру жолымен ШҚТУ қызметіне сенім деңгейін арттыру. Біз академиялық адалдықты, ғылыми этиканы және әрбір басшының өз іс-әрекеттері мен қол астындағылардың іс-әрекеттері үшін дербес жауапкершілігін насихаттаймыз. Қызметкерлер мен басшылардың жауапкершілігі лауазымдық нұсқаулықтарда, еңбек шартына қосымша келісімдерде, бөлімшелердің ережелерінде көрсетілген. Академиялық адалдық кодексі, этика ережелері қабылданды. Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті тұлға тағайындалды. Мысалы, студенттер барлық анықтамаларды электрондық қызмет көрсету орталығы арқылы алады. Материалдық көтермелеу, әлеуметтік көмек мәселелері тек алқалы түрде қаралады. Кадр саясаты меритократия қағидаттарына негізделеді, басшы лауазымдарға тағайындау тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Біз халықаралық, республикалық және университеттік деңгейдегі түрлі іс-шараларды өткіземіз, бұдан басқа өз қызметін "Саналы Ұрпақ" клубы, ардагерлер кеңесі, "Таза сессия" штабы, қоғамдық кеңес жүзеге асырады. Университет ШҚО бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, "Саналы Ұрпақ" республикалық жобалық офисімен, "Adal bilim" жобалық офисімен, "Шығыс адалдық алаңы"жобалық офисімен белсенді жұмыс жасайды»,- деді Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина.
Қорытындылай келе, тікелей эфир қонағы университетте ISO 37001:2016 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу жайлы баяндады. Бірінші проректордың айтуынша, ISO 37001-ді қолданудың басты артықшылығы - бұл сенімділік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының нәтижелілігі. «Осы стандартты енгізу бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саладағы процестерді басқаруға, біздің қызметімізде болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтауға, жоюға және алдын алуға мүмкіндік береді. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің көрсеткіштерін (ішкі және сыртқы аудиттер) мониторингтеу және бағалау жүйесін енгізе бастадық. Бірінші ішкі аудит ағымдағы жылдың наурыз айында өткізілді, енді халықаралық сертификатты алу үшін "Quality Austria" халықаралық агенттігі (Австрия) жүргізетін сыртқы аудитке дайындалып жатыр».