«Заң мен тәртіп» нарративін қоғамда ілгерілету және «Әділ қоғам» жобасы аясында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Простор» жазғы экспедициялық кампусында «ӘДІЛ ҚОҒАМ - АДАЛ АЗАМАТ» тақырыбында жазғы лагерь өтті.

Аталмыш іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ШҚО бойынша Департаментімен бірлесе дәстүрлі түрде биыл алтыншы жыл өткізілді. Бұл лагерь - жастардың бойына адалдық, парасаттылық, азаматтық ұстаным мен әлеуметтік жауапкершілік сынды құндылықтарды дарытатын маңызды алаң. Оның басты мақсаты - студенттердің адалдық пен әділдікке тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім деңгейін көтеру.

Іс-шара басында Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Машекенова Асия жиынға қатысушыларды жазғы лагерьдің ашылуымен құттықтап, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ашиков Асылхан Амангелдіұлы қатысушыларға өз тілегін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биылғы лагерьдің ерекшелігі - оның ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен 2025 жылдың Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылымен байланыстырылып өткізілуінде.

Студенттер Абайдың «Толық адам» концепциясының негізгі ұстанымдары жайлы өлең-сөздерінен үзінділер оқыды. Себебі, Абай ілімінің негізінде тәрбиеленген жастар рухани жұтаңдыққа ұшырамайды. Өзіне сын көзімен қарап, бойындағы жаман әдеттен арылатын болады. Еліміздің нағыз патриоттары жетіледі. Абай іліміндегі басты мақсат та осы. Абайдың «Толық адам» идеясы осындай азғындықтан аулаққа тартып, парасаттылық пен жақсылыққа үндейді.

Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры» деп аталатын тарауларында баяндалатын жайттар Абайдың қағидаттарымен байланыста қарастырылып, бүгінгі «Жауапты мемлекет - жауапты қоғам - жауапты адам» жүйесінің берік орнығуына апаратын қадам ретінде сараланғаны барлығымызға белгілі.

Келесі кезекте қатысушылар бірлік пен парасаттылықтың рухын асқақтататын университетіміздің антикор волонтерлерінің гимні орындалып, жастардың әділдікке, тазалық пен парасаттылыққа деген ұмтылысын би тілінде жеткізетін ерекше қойылым «Адалдық алауы» флешмобымен жалғасты.

Шараға қатысқан студенттер мен жемқорлыққа қарсы еріктілер тобы арнайы дайындалған интеллектуалды сайыста - «Адалдық ізімен» квест -ойында өз білімдерін сынап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша теориялық білімдерін шыңдады. Бұл ойын - жай ғана сайыс емес, бұл - топтық бірлік, әділ шешім, жылдам ойлау және адал жолды таңдаудың символы.

Іс-шараның маңызды бөлігі адалдық пен әділдікті дәріптейтін табиғатқа тағзым, ұрпаққа аманат болар символдық сәт - «Парасат көшеттерін» отырғызу рәсімі болды. Көшет отырғызу - тек жасыл желекке үлес қосу ғана емес, ол - тазалық пен тұрақтылықтың, өсу мен үміттің нышаны. Адалдық та дәл осы секілді, оны бүгін ексек, ертең тамыр жайған қоғамымыздың негізіне айналады.

Квест ойынында үздік нәтижеге қол жеткізген жеңімпаз командалар сертификат пен жеңіс кубоктарымен марапатталып, сондай-ақ, оларға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің атынан сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңында қорытынды сөз университетіміздің комплаенс-офицері Мықтыбаев Қуаныш Әзімжанұлына беріліп,

«Жастар - біздің басты байлығымыз. Еліміздің жарқын болашағы - жастардың қолында. Сондықтан біз жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың адал, әділ әрі парасатты азамат болып қалыптасуына баса назар аударамыз», деп атап өтті.