Университетте жаңа оқу жылындағы студенттермен жүргізілетін жұмыстың негізгі бағыттарына арналған Кураторлар кеңесінің отырысы өтті.

Бүгінде куратор студент пен университет арасындағы байланысты қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Студенттердің мәселелерін дер кезінде анықтау, түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және күрделі жағдайларда қолдау көрсету де кураторлық жұмыстың маңызды бөлігіне айналып отыр. Осы міндеттерді ескере отырып, отырыста 2026–2027 оқу жылына арналған кураторлық жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, Кураторлар кеңесінің жұмыс жоспары бекітілді.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі жастардың цифрлық және қаржылық қауіпсіздігі болды. Бұл мәселелерді кәсіби тұрғыда талқылау үшін ШҚО Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Арыстанбек Н. ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Тайгаранова Ж. шақырылды.

Киберқылмыстардың, фишинг пен қаржылық алаяқтық схемалардың алдын алуға, сондай-ақ жастарды дропперлікке тартуға жол бермеуге ерекше назар аударылды. Мамандар қазіргі кезде жиі кездесетін қауіптерге тоқталып, студенттермен профилактикалық жұмыс жүргізуге қатысты практикалық ұсынымдар берді. Академиялық топтармен тұрақты байланыста болатын кураторлар үшін мұндай ақпараттың маңызы зор. Бұл қауіпті жағдайларды ерте байқап, студенттерді елеулі қаржылық және құқықтық салдарға әкелуі мүмкін әрекеттерден сақтандыруға мүмкіндік береді.

Отырыста студенттерге психологиялық қолдау көрсету мәселелері де жан-жақты қарастырылды. Эмоционалдық күйзеліс пен стресс белгілерін ерте анықтау, жанжалды жағдайлардың алдын алу және қажет болған жағдайда студентті университеттің психологиялық қызметіне бағыттау алгоритмі талқыланды.

Сонымен қатар «Оқитын ұлт» және «Оқитын университет» жобалары аясында кітап оқу мәдениеті мен ақпараттық сауаттылықты дамыту, кураторлық жұмыста кітапхана мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және кураторлардың академиялық топ старосталарымен өзара байланысын нығайту мәселелері қамтылды.

Кураторлар кеңесінің отырысы студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмысына кешенді көзқарас қалыптастыратын маңызды алаң болды. Университеттің мемлекеттік органдардың бейінді мамандарымен өзара іс-қимылы профилактикалық жұмыстың практикалық мазмұнын күшейтіп, жастар кездесетін жаңа қауіп-қатерлерге дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді.