Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау Республикалық қоғамдық штабы Шығыс Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктерімен кездесті.
Халықаралық коалиция өкілдерін Делегация жетекшісі, Республикалық штаб мүшесі Мәулен Әшімбаев, Ақжол партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастап келді. Штаб мүшелері Абай, Ұлытау және Қарағанды өңірлерінде болып, енді Шығыс өңіріне ат басын тіреп отыр.
Республикалық штаб президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» бағдарламасын баяндады.
Штаб мүшелері бағдарлама тақырыбын кеңінен ашып, өңір әлеуметтік-экономикалық құрылымымен үндестік табатын тұстарын ерекше екпінмен түсіндірді. «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» бағдарламасына кіретін әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам бағыттары еліміздің кем-кетігін түзеп, басты қағидаттарын, адами құндылықтарын мінсіз деңгейге жетелеп, жалпы Қазақстан азаматтарының дамуына қажетті барлық аспектілерді қамтыған. Жиынға қатысушылар бұл бағдарламалардың тиянақты қарастырылғанын атап өтті. Ғылым және жоғары білім тұрғысынан, бағдарламаның «Әділетті экономика» тармағына кіретін, «Озық қолданбалы ғылым» бөлімін ерекше атауға болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының, «Ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатын болады» деген сөздері жоғары білім өкілдеріне ерекше үміт сыйлайды. Бұл, қазақстандықтардың тыныс-тіршілігіне ауадай қажет жол құрылысы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының барлығына білімді азаматтардың етене араласатынын білдіреді. Сонымен, ғылым тек шаруашылық бағытында ғана емес, бизнеспен тығыз ықпаластыққа да бой ұсынады. Яғни, отандық ғалымдардың үздік жетістіктері нарыққа ұмтылады.
Мемлекет базалық өндірістен күрделі өндіріске және жоғары технологиялық тауарларды шығаруға көшудің технологиялық тұғырнамасын жасамақ. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау ұсынысы терең ғылыми ізденіс жолындағы адамдардың мәртебесін асқақтатып, жаңа үміт сыйлады.
Республикалық штаб мүшелері қатысушылардың жан-жақты сұрақтарына толық, терең және салмақты жауап қатты. Әсіресе, жастардың белсенділігіне лебіз білдіріп, алғыс айтты.