Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттерге арналған «Есірткі қылмысының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-профилактикалық кездесу өтті.
Кездесуге Өскемен қаласы Полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткі заттарын қолдану мен таратудың зиянды салдары туралы түсіндіру және студенттерді заңсыз әрекеттерден сақтандыру.
Кездесу барысында мамандар есірткі қылмыстарының негізгі түрлері, оларды жасағаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ интернет және әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратуға тартудың қауіпті тәсілдері жөнінде ақпарат берді. Студенттерге күмәнді ұсыныстардан бас тарту, белгісіз адамдармен байланыс орнатпау және заңсыз әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар есірткі заттарының адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін кері әсері айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, жауапты мінез-құлықты дамытуға және қауіпсіз университеттік ортаны нығайтуға ықпал етеді.
