11.03.26 ж. колледжде студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауды тәрбиелеуге бағытталған отандық фильмдердің ашық көрсетілімі өтті.

Іс-шара барысында білім алушылар «Абайдың қара сөздері», «Патриоттар уақыты», «Капитан Байтасов», «90/1», «Алматы – менің махаббатым» атты көркем және деректі фильмдерді тамашалады. Ұсынылған киноленталар Отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық борыш, батылдық, адалдық және өз ісіне деген жауапкершілік сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды.

Студенттердің ерекше қызығушылығын ұлы қазақ ойшылы Абайдың даналыққа толы өсиеттеріне арналған фильм аударды. Оның тағылымды ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, жастарды өмірлік құндылықтар, адамгершілік таңдау және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы терең ойлануға жетелейді.

Осындай іс-шараларды өткізу студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық тарих пен мәдениетке деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын тәрбиелеуге ықпал етеді.