«Оқитын ұлт» бағыты аясында кітапханада студенттердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оларды кітап әлеміне баулу және рухани-эстетикалық дүниесін байыту мақсатында интерактивті көрме ұйымдастырылды.
10 қыркүйек күні ШҚТУ кітапханасының қызметкері Хасенова А.К. Жоғары ІТ колледжінің 1-курс студенттеріне арналған «Тіл – халықтың асыл қазынасы» тақырыбында қызықты іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында студенттер кітаптарды іздеп тауып, олардың қай тілде жарық көргенін анықтады, викторина сұрақтарына жауап берді және өздері таңдаған қызықты кітаптарды жанындағы достарына ұсынып, олардың қызығушылығын оятуға тырысты. Сонымен қатар студенттер республикалық «Оқитын ұлт» оқу марафонымен танысты.
Ал «Досыңа ұсын» тапсырмасы ерекше қызығушылықпен өтті:
— Кітапты көршіңізге жарнамалаңыз!
Үзіліс.
— Оны оқығыңыз келетіндей етіп айтып беріңіз!
Тағы бір үзіліс.
— Жақсы... кітапты көршіңізге «сатып жіберіңіз»!
Міне, енді түсінді!
Әрине, бұл жерде ақша қажет болған жоқ — кітапты қызықты әрі тартымды етіп таныстыратын сенімді сөздер қажет болды. Студенттер кітап туралы өз ойларын жеткізіп, шығарманың мазмұнына қызығушылық таныта білді. Бұл тапсырма арқылы дұрыс таңдалған сөздер мен әсерлі әңгіме адамның қызығушылығын арттырып, адамдардың бір-бірімен ортақ тіл табысуына ықпал ететінін тағы бір мәрте көрсетті.
Осындай қызықты кездесулер студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың сөздік қорын байытуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және рухани дүниесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кітап — білімнің қайнар көзі, ойдың серігі және рухани дамудың маңызды құралы. Кітап оқиық, білімді болайық!