Ағартушы қауым арасында бейресми білім жайлы жиі айтылып жүр. Оның мәні мен мақсаты жайында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық сұрақтар бойынша Басқарма-проректорының мүшесі Қоңурбаева Жадыра Түсіпханқызынан білген едік.
- Жадыра Түсіпханқызы, қарапайым сұрақтан бастасақ. Бейресми білім, оқу дегеніміз не?
- Қазақстанда бейресми білім салыстырмалы түрде өте жаңа ұғым. Соған қарамастан, көпшілікке танымал, әрі қолжетімді бола түсті. Оның түсініктемесіне көшпес бұрын, ресми білімнің мәнін ашып алған дұрыс. Жалпы білім берудің үш моделі – ресми, бейресми және ақпараттық деген үш түрі болмақ.
Ресми білім, оқу - базалық, академиялық немесе кәсіби біліктілікті меңгеретін, оқу бітірген соң мемлекеттік үлгідегі бланк – бастапқы/орта кәсіби немесе жоғары білім, мектеп бітіргені туралы аттестат, диплом берілетін арнайы мекемеде (мектеп пен университетте) өтеді. Оқу үрдісі белгілі бір мерзімге жоспарланған, мемлекеттік стандарттарға негізделген бағдарлама бойынша жүреді.
Ақпараттық білім ресми білімге мүлдем қайшы. Мұны өзін-өзі оқыту десе әлдеқайда дұрыс болмақ. Оның ұйымдастырылу, құрылымдық деңгейі нақты емес. Адам, жанұя немесе қауымдастық өзі жоспарлайды. Ақпараттық білімді ата-ананың балаға ас әзірлеуді, велосипед жүргізуді үйретуімен салыстыруға болады. Кітапханадағы көптеген кітаптарды немесе веб-сайттардағы білімді оқи жүріп-ақпараттық білім алдым деуге болады. Бұл білім – мектептен тыс, ешқандай әдістемесіз үйренген білім.
Ендігі кезекті бейресми білімге берейік. Мұнда ресми оқу жүйесінен тыс алған кез-келген білім түрін жатқызуға болады. Тек оның өзі де жақсы ұйымдастырылған, құрылымы бар болуы шарт. Ол дипломмен немесе оқығаны туралы анықтамамен расталмауы мүмкін. Сондықтан бейресми білім берумен айналысатын мекемелер өз бағдарламалары мен курстарын жүргізуге мемлекеттік лицензия алмаса да айыпты болмайды. Осылайша, әр адам өзін қызықтырған білім жолын меңгеріп, біліктілігін арттыра алады. Бейресми білімге курстарды, семинарларды, үйірмелер мен тренингтерді және т.б. жатқызуға болады. Мысалы, ағылшын тілі деңгейін жақсарту курстары, біліктілікті арттыру тренингтерін атаймыз.
- Бейресми білімнің артықшылығы қандай?
- Жоғарыда атап өткенімдей, бұл білім түрінің алғашқы және ең басты артықшылығы - адам жасына, жынысына, білім деңгейіне қарамстан білімнің қолжетімді болуы. Мұндай оқу түріне әркімнің жолы ашық. Бейресми білімге тек жоғары білім бітірген немесе біліктілігін арттырғысы келетіндер ғана емес, түрлі өмірлік жағдайға тап болған адамдар мұқтаж болуы ықтимал. Мысалы, декреттен шыққан жас аналар, білімін жаңартқысы келген, уақыт пен ақпарат ағымына ілескісі келетін егде адамдарды атауға болады.
Қолжетімділік пен еріктілік ең басты алғышарты болғасын, оқытудың барынша әсерлі болатынына ден қойсам деймін. Белгілі бір білім алғысы келетін адам жақсы нәтижеге құлшына кіріседі.
Ұйымдастырушылар оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына сүйене отырып арнайы бағдарламалар, әдістемелер қолдана алады.
Бұдан бөлек, университеттегі оқумен салыстырған бейресми білімның шығыны аз.
Мұнда білім уақытының икемділігі мен үнемділігін де айта кету керек. Бұл да бейресми білімнің артықшылығы. Көпшілік жұмыссыз өзін бірнеше жыл оқуға арнайалмайды.
- ШҚТУ-да бейресми білім жүргізіле ме?
- Иә, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерге, мамандарға және ниет білдірушілерге ақылы, ақысыз бейресми білім береді.
Біздің университет кадр біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлаумен айналысады. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ЖОО оқытушылары салалық кәсіпорындар мамандары үшін 150-ден астам курстар ұсынады. Оқыту оффлайн және онлайн түрлі форматта жүргізіледі. Оқу ұзақтығы 8-ден 72 сағатқа дейін. Курс аяқталғаннан кейін сертификат алады. 2021/2022 оқу жылында 24 курс өткізіліп, 114 адам білім алды.
Университет өз қызметкерлері үшін де ішкі тренингтер өткізеді. Мысалы, білім беру технологиялары Орталығы ПОҚ-ын онлайн және аралас курстарын әзірлеу бойынша 5 тренинг ұйымдастырды. Аталған оқытудың жемісі - 18 жаппай ашық онлайн курстар әзірленді. ШҚТУ - дың open.ektu.kz ашық платформасында орналастырылды және де тегін оқудан өтуге ниет білдірушілердің барлығына қолжетімді.
Сонымен қатар, ЖОО-ға түсушілер үшін түрлі ақылы дайындық курстарын өткізеді. Мысалы, сәулет және құрылыс мектебі ұйымдастыратын сурет салу курстарын айтар едік. Сондай-ақ, көптеген үйірмелер мен клубтарда студенттерге қосымша білім мен дағды алуға мүмкіндік бар.
Жадыра Түсіпқанқызы, бейресми білім туралы осындай егжей-тегжейлі әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз. Оқырмандар осы мақалаға тәнті болып, оқытудың осы түріне қызығушылық танытады деп үміттенеміз.