Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерінің көктемгі семестрі сыбайлас жемқорлықпен күресуден басталды. 2021 жылы тұңғыш рет Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында жүзеге асқан "AntiParaCraft" квест-ойынын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ -да өткізу дәстүрге айналған. Биыл да Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментімен бірлесіп" Саналы ұрпақ " жобалық кеңсесі ұйымдастырған жобаға университет студенттерінен құралған «Зиялы қазақ», «Еркін сөз», «Саналы ұрпақ» және «Arganaty» командалары қатысты. Квест доданың қонағы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің аға офицері Бекбаева Гульнур Айткумаровна қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұған дейін командалар жарыстың 3 турынан өткен. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта бейнероликтер түсіріп, эссе жазған, сондай-ақ дебат турнирі өткізілген. Жарыс барысында қатысушылармен ситуациялық тапсырмалар орындалды, берілген суреттерге тақырыптық кейс құрастырылды, дебат элементі көрсетілді. Дебат турнирінде ақпаратты дұрыс талдап, мәселені шешуде өз бетінше әрекет ете білу қабілетін көрсетті. Сонмен қатар, кез келген қатысушы жауабын таба алатындай логикаға құрылған куиз форматындағы сұрақ-жауап турнирі интеллектуалды ортаны жаны сүйетін жастарымызды шабыттандырды. Жарыс қорытындысы бойынша «Адалды» кубогына «Саналы ұрпақ» командасы ие болды.

Жарыс соңында ШҚТУ-дың Комплаенс-қызметінің комплаенс офицері Мықтыбаев Қуаныш Әзімжанұлы:

«Қазір біздің жастар білімді. Сондықтан мұндай сайыстардың маңыздылығы жоғары. Өйткені "AntiParaCraft" ойындары - ойы ұшқыр, жемқорлыққа жаны қас жастардың бас қосатын бір¬ден-бір ортасы. Студенттер бұл идеяда шабыттанып, оны өз қатарластары арасында одан әрі тарата алады деп сенеміз»,- деп өз ойын білдірді.

Талғарбек Перизат ( «Зиялы қазақ» командасының мүшесі):

Біздің команда ұстанымы: «Шындық жоқ жерде, сұмдық көп». Топ мүшелерінің арманы- жемқорлықсыз мемлекетте өмір сүру. Бүгінгі квест сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті насихаттауға бағытталған. Өйткені, ойын барысында біз жемқорлыққа қатысты өмірлік бірнеше ситуациялармен бетпе-бет келдік, олардың шешу жолын іздедік. Сондықтан, бұл квест университетімізді жалғасын табады деп сенеміз.

Ержанов Айтмұхаммед (студент):

«Arganty» командасының капитанымын. Команда ұстанымы: «Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады, Саудаң әділ болмаса нарық бұзылады!». Сондықтан біздің команда сауданы әділ жүргізіп, елді әділ басқаруға шақырады. Университетімізде "AntiParaCraft -2024" квест ойыны жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеуге бағытталға. Аталмыш жоба қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құрады және студент жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беретініне сенімім мол.