Бүгін Басқарма басшысы- ректор м.а Сәуле Рахметуллина бастаған бір топ ШҚТУ делегациясы Орталық Азия елдері ректорларының Форумына қатысты.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Білім министрліктерінің өкілдері, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының ректорлары, Microsoft, QS, Elsevier, Clarivate Analytics сияқты ірі ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің, Болон процесінің бақылау тобы (Bologna Follow-Up Group), Латвияның академиялық ақпарат орталығының өкілдері қатысты.
2021 жылы Түркістан қаласында Орталық Азия елдерінің Білім министрлерінің конференциясы өтті. Конференция қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, онда Орталық Азия елдерінің білім министрлері Орта Азиялық жоғары білім кеңістігін құру туралы жариялады. Сонымен қатар, конференцияда Орталық Азия елдерінің университеттері Орталық Азия жоғары оқу орындарының Альянсын құру туралы Меморандум қабылдады.
Форумда альянс жұмысының басым бағыттары талқыланды. Сонымен бірге, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті, сондай-ақ Тәжік ұлттық университеті арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Орталық Азия кеңістігінің ЖОО-мен жұмыс тәжірибесі бар, сондықтан жаңа келісімдер Орталық Азиядағы ШҚТУ мәртебесін нығайтады және ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін бермек.
Жалпы, Альянс өзекті мәселелерді шешу және бүкіл әлемде жоғары білім мен ғылымды дамытудың жаһандық үдерісіне жәрдемдесу үшін Орталық Азия өңірінің жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік, шығармашылық әлеуетін біріктіруге ықпал ететін болады.