Бүгін Eduweek ektu-2023 академиялық апталығы аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға Обуда университетінің ректоры Левенте Ковач бастаған Венгрия делегациясы келді. Обуда университеті-Венгриядағы әйгілі техникалық университет. Бұл ЖОО көптеген жылдар бойы біздің университетпен белсенді ынтымақтастықта. Академиялық және ғылыми бағыт бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Обуда университетінің ғалымдары ШҚТУ докторанттарына ғылыми жетекші болып, "Автоматтандыру және басқару" және "Медициналық инжиниринг" ББ магистранттарына және Erasmus бағдарламасы бойынша дәрістер оқиды.
ШҚТУ профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын International Symposium on Applied Informatics and Related Areasgganized by Óbuda University конференциясына қатысса, Steering committee құрамына да кіреді. "Acta Polytechnica Hungarica" және "Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ хабаршысы" журналдарында ғылыми мақалаларды бірлесе жариялайды.
Кездесу барысында екі серіктес университеттің өкілдері түлектер деңгейінде ғылыми зерттеулер мен бірлескен білім беру бағдарламаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, жазғы лагерьлерді ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылды.
Обуда университетінің мықты қыры-жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, робототехника және жасыл энергия. Бұл ЖОО материалтану және экологиялық инженерия саласындағы өзінің стратегиялық тақырыптарын қамту аясын кеңейтеді.
Осы мақсаттарға жету үшін Обуда университеті бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және бар мәселелердің инновациялық шешімдерін іздеуге ықпал ететін жоғарыда аталған салаларда ғылыми саябақтар құрады.
Кездесу қорытындысы бойынша академиялық және ғылыми бағыт бойынша жұмысты жалғастыру; "Автоматтандыру және басқару" бағыты бойынша бірлескен магистрлік бағдарламалар ашу, сондай-ақ ERASMUS жобаларын беруге бірлесіп қатысу туралы шешім қабылданды.