Біздін университетте Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке бірінші курс студенттерін, ата-аналарды, оқытушыларды, қызметкерлерді, түлектер мен университет серіктестерін бір ортаға біріктірді.
Бұл күн студенттер үшін университет қауымдастығымен алғашқы таныстық және білім мен кәсіби мүмкіндіктерге толы жаңа кезеңнің бастауы болды. ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірінші курс студенттеріне мақсаттарына сеніммен қадам басып, бастамашыл болуды және университет ұсынатын білім беру, ғылыми әрі шығармашылық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды тіледі.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Шәкәрім Сабырұлы Буктугутов, Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Серқазыұлы Садырбаев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Павлович Лазарев және Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек қатысты. Құрметті қонақтар студенттерді, ата-аналарды, профессорлық-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, жастарға ақ тілектерін арнады.
Университет түлектерінің мерекеге қатысуы іс-шараға ерекше мән берді. Шәкәрім Буктугутов – қазіргі ШҚТУ тарихының бастауында тұрған Өскемен құрылыс-жол институтының түлегі. Студенттерді қолдауға келген өндіріс, ғылым және технологиялық бизнес өкілдерінің арасында да университет түлектері болды. Бүгінде олар кәсіби салада табысты еңбек етіп, жинақтаған тәжірибелерін жаңа буынмен бөлісуде. Мұндай сабақтастық ШҚТУ-дың өңір мен ел дамуындағы маңызды рөлін көрсетеді. Университет Өскемен құрылыс-жол институтынан заманауи зерттеу техникалық университетіне дейінгі даму жолынан өтіп, мықты инженерлік дәстүрлерін сақтап қалды. Бүгінде оқу орны өнеркәсіп, ғылым, цифрлық технологиялар және инновациялық бизнес үшін білікті кадрлар даярлайды.
Мерекенің негізгі бөлімдерінің бірі университет мектептерінің, әскери кафедра мен Жоғары IT-колледждің салтанатты шеруі болды. Бірінші курс студенттері білім беру бағыттарымен, ғылыми әлеуетпен және университет ортасының мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.
ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, ШҚТУ-ға оқуға түскен студенттерге ерекше құрмет көрсетілді. Оларға Согра жылу электр орталығының директоры, ШҚТУ докторанты Нұрлан Рамазанов, KAB Systems компаниясының басшысы, докторант Ануар Құсайынов және ғылыми-технологиялық жобаларда жетістіктерге жеткен магистрант Леонид Измайлов ақ тілектерін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шетелдік студенттердің ана тілдерінде жолдаған құттықтауы мерекенің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Бүгінде ШҚТУ түрлі елдерден келген жастарды біріктіріп, мәдениеттер тоғысатын, жаңа идеялар туындайтын, достық және кәсіби байланыстар қалыптасатын халықаралық білім беру ортасын құрып отыр.
«Қош келдің, студент!» салтанатты іс-шарасы жаңа оқу жылының жарқын бастамасына айналып, ШҚТУ-дың дәстүр мен жаңашылдықты, түрлі буын өкілдерін және жастардың кәсіби болашағын біріктіретін университет екенін тағы бір мәрте көрсетті.
ШҚТУ-ға қош келдіңіздер! Білім күні және жаңа оқу жылы құтты болсын!