«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында «Ақпараттық жүйелер» бакалавриат мамандығы бойынша 66 білім беру бағдарламасын зерттеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарының рейтингі анықталды: топ-5 университеттер қатарында Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан-Неміс университеті, Нархоз университеті бар.

Сондай-ақ, «Атамекен» өкілдері бірінші кезеңде білім беру бағдарламалары бойынша білім алған 2016 жылдың түлектерінің орташа жалақысы мен жұмыспен қамтылу деңгейіне талдау жасалды. Екінші кезеңде республиканың жетекші IТ-компанияларының мамандарын тарту арқылы білім беру бағдарламаларының мазмұны бойынша кемшіліктерді бағалау және талдау жұмыстары жүргізілді.

Бағалау нәтижесі бойынша сарапшылар білім беру бағдарламаларында студенттердің уақытын үнемдеуге кедергі жасайтын қажетсіз пәндер, білім беру үдерісінде ескірген программалау тілдері қолданылатыны анықталды.

Д.Серікбаев ат. ШҚМТУ Баспасөз қызметі