Ағымдағы жылдың 25-26 сәуірінде Астана конгресс-орталығында Enactus Kazakhstan National EXPO 2018 студенттер арасындағы кәсіпкерлік, стартап жобалары және инновациялар бойынша ұлттық кубогы өтті.

Іс-шара Қазақстандағы Enactus ұлттық  кеңсесінің ұйымдастыруымен өтті.  Бұл –Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің және Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған беделді халықаралық брендтің бөлімшесі. «Астана Конвеншн Бюросы» Ұлттық кубоктың бірлескен ұйымдастырушысы болды.

Іс-шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сагадиев, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нукенов, Enactus Eurasia директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов және басқалар сөз сөйледі.

Чемпионатқа Қазақстанның 60 жоғары оқу орнынан 700-ден астам студент қатысты. Олардың қатарында біздің студенттер де бар.

25 сәуірде Enactus студенттік кәсіпкерлік бойынша І Еуразиялық форум өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстаннан келген жас кәсіпкерлер қатысты. Біздің студенттер форумда екі жұмыс жобасын ұсынды. Форум қатысушыларға көрші елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Э. Мадинова