Қымбатты жерлестер!
Біз Қазақстанның жасыл желек жамылған әдемі қалаларының бірінде өмір сүреміз. Әкелеріміз бен аталарымыздың ұрпақтары бұдан жарты ғасыр бұрын еккен ағаштардың, саябақтардың көлеңкесінде тынығамыз.
Бірақ ағаштар да қартаяды, бұдан 50 жыл бұрын отырғызылған тал-қайыңдардың уақыты өтіп барады. Осынша жыл ұзақ жасаған ағаштар «шаршап», олардың биологиялық белсенділігі әлсіреді, оның үстіне қаламыздың экологиялық жағдайы да мәз емес, сондықтан жыл сайын қалада жаңа ағаштар, көшеттер көптеп отырғызылуы тиіс.
Облыстық және қалалық басшылықтың күш-жігері нәтижесінде жыл сайын «жасыл» акциялар, сенбіліктер өткізіліп, мыңдаған жас ағаштар егіледі, аулалар, көшелер көгалдандырылады, аллеялар пайда болады. Тек үстіміздегі жылы Өскеменде 6000 түп әртүрлі ағаш түрлерін отырғызу жоспарлануда.
Қаланың әр тұрғыны бұл акцияның маңыздылығын терең түсінуі керек, ағаштар - облыс орталығының «өкпесі» ғой.
Жалпы экологиялық қозғалысты қолдау мақсатымен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ коллективі төмендегідей ұран тастап отыр: «Қаламызды таза, жасыл және әдемі ету үшін қолдан келгеннің барлығын жасайық!»
Бұл акция аясында университет аумағында осы маусымда ғана 3000 жас ағаш отырғызылады, бұл жұмыс жыл сайын жалғасын таба береді, жоғары оқу орнының айналасында гүлзарлар мен көгалдар пайда болады, сөйтіп біз университеттің аймағын шағын тұрғын ауданымыздың адамдары жайлы демалатын орынға айналдырамыз.
Барлық өскемендіктерді өз қаласының патриоты болуға және біздің акцияны қызу қолдауға шақырамыз!
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттер және қызметкерлер ұжымы