Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға Малайзияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Дато Хидайат бин Абдул Хамид пен Монғолияның өкілетті елшісі Сухээ Жагир келді. Оларды облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк бастап жүрді.

 

ШҚМТУ-дың ғылым және халықаралық ынтымақ жөніндегі проректоры Олег Гавриленко университетпен таныстықты бірінші ректор Дәулет Серікбаевтың мүсінінен бастауды ұсынды. Меймандар «Іргетас» зертханасының жұмысымен танысты.

- Зертхана ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылы құрылған. Бұл республикадағы осындай 15 зертхананың бірі,- деді зертхана меңгерушісі Сергей Мисевра. - Ол тамаша саралау қондырғысымен жабдықталған. Онда жасалған зерттеулер нәтижесі аймақтың кәсіпорындарына қажет.

Малайзия елшісін металл және материалдар өңдеу учаскесі, сондай-ақ минералогия зерттеулері зертханасы қызықтырды. Елшілер «Іргетас» зертханасына жоғары баға берді, ал Монғолия елшісі Сухээ Жагир ШҚМТУ-да Монғолия студенттері оқитынын естігенде таңқалды.

- Бізге университет пен зертханалар қатты ұнады. Қазір ғылым мен өндірістің байланысы өте актуальды. Бағыттарыңыз дұрыс, - деді екі елдің елшілері.