1. Оқуға түскенде неге ШҚМТУ-ды таңдадыңыз?
- Шынына келгенде, сол 2001 жылы мен Катон-Қарағай ауданынан Өскеменге университетке құжаттарды тапсыруға келгенде шет тілдері мамандығына түсетін ойым болып еді. Бірақ, Өскеменге келіп, осындағы оқу орындарының мүмкіндіктерін қабылдау комиссиясында өзім үшін салыстырудан кейін техникалық білім алу маңызды және болашақтағы мүмкіншіліктері өте зор екенін шештім де, біздің аймақ тау-кен металлургиясымен белгілі болғаннан кейін құжаттарымды металлургия мамандығына тапсырдым. Ал, сол кездегі шет тілдерін оқу деген мақсатыма осы университетте оқып жүріп те жете алдым.
2. Металлургия әйелдер саласы емес деп саналады, неге Сіз оны таңдадыңыз?
- Ия, мұндай көзқарас өте кең таралған. Бірақ, біздің үнемі даму үстіндегі заманымызда әйелдер қауымы үшін жетімсіз ештеңе жоқ. Сонымен қатар, металлургия саласында зауыттарда да, ғылыми мекемелерде де жұмыс істейтін әйелдер саны өте жоғары.
3. Студенттік кез немен еске қалды?
- Менің студенттік шақтарым өте қызықты өтетін. Ол кездері ұялы телефондар деген де енді қолданысқа ене бастаған, сондықтан студенттер кітапханаға келіп, үнемі сонда отырып өзіміздің сабақтарымыз бойынша жұмыстарды да істеп, араласып, сөйлесіп отыратынбыз. Ол кездері сызу жұмыстарын, курстық жұмыстар, рефераттар дегенді компьютермен емес, қолмен жазатынбыз.
4. Ғылым жүйесінде жұмыс жасау қиын ба?
- Кез келген адамда істеген жұмысына қызығушылығы болса, ештеңе де қиынға түспейді.
5. Сізде үлкен халықаралық тәжірибе бар. Мұндай нәтижелерге жету үшін не істеу керек? Неше тіл білесіз?
- Менің халықаралық тәжірибем ғылыммен айналысумен тығыз байланысты. Қазірде қазақ және орыс тілдерінен басқа, неміс және ағылшын тілдерін білемін. Бірақ қандай болмасын тіл ары қарай оқып, дамытылмаса, ұмытыла береді. Сондықтан бұл тілдерді мен үнемі оқуда және жетілдірудемін.
Ғылыми нәтижелерді жақын және алыс шет елдерде өткізілетін халықаралық конференцияларда талқылау өте маңызды, сонымен қатар, басқа елдерде сен айналысқан жұмыстар қалай жүргізілетінімен танысуға болады.
Қазіргі кезде адамда алға қойған мақсаты және оған жету үшін талпынысы болса, халықаралық тәжірибе алу үшін шет ел университеттерінде тағылымдамалар өтуге, біріккен іс-шаралар өткізуге өте көп алғышарттар бар. Соның ішінде, біздің университетімізде көптеген шет ел университеттерімен халықаралық байланыстары өте көп. Соңғы жылдары университетке қаншама шет ел елшілері, атақты ғалымдар келіп дәрістер өткізді және олар тек қана келіп қоймай, университеттер арасында тығыз байланыстар орнатылып, қаншама біріккен жұмыстар да жүргізілуде.
6. Сіздің үздік ғылыми жұмысыңыз?
- Қандай болмасын ғылыми жұмыспен айналыссам да, олар өздігінен үздік болып табылады. Қазірде мен үшін үздік болып саналатыны осы 2017-2019 жылдары өткізіліп жатқан маңызды ғылыми бағдарлама. Бұл бағдарлама тек қана ғылыми тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан да қажетті бағдарлама деп санаймын.
7. Мінсіз студент қандай болу керек?
- Мінсіз адам болмайды ғой. Ал, студенттер болашаққа қойған мақсаттары бар, өзін-өзі үнемі дамытатын және уақытын дұрыс және пайдалы жұмсай алатын болса, сол дұрыс деп ойлаймын.
8. Өнертабысқа 8 патентіңіз бар, ол қандай өнертабыстар?
- Бұл өнертабыстар менің докторлық диссертациямды орындау шегінде бериллий және литийлік шикізатты өңдеу әдістерімен байланысты алынған.
9. Бүгін қандай ғылыми сұрақтармен жұмыс жасайсыз?
- Бүгінде біздің әкімшіліктің қолдауымен университетімізде бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру аясында үлкен жобалар іске асырылуда. Солардың ішінде металлургиядағы қиын өңделетін шикізаттан құнды компоненттерін бөліп алуға негізделген жобамен айналысудамын.
10. Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
- Бос уақытта кітап оқуды ұнатамын, ал қазіргі кезде бос уақыттың көп болмауынан, қызықты тарихи деректі фильмдерді көремін.
11. Сүйікті фильмдерді атаңыз?
- Көбінесе мен фильмдерді көңіл-күйіме байланысты қараймын. Бірақ ұнайтын фильмдер қатарында кеңес одағы кезінде түсірілген фильмдер, 1+1 француз фильмі.
12. Нағыз сұранысқа ие оқытушының / металлург ғалымның қандай ерекшеліктері бар?
- Бір орында тоқтамай, өзін өзі үнемі жетілдіретін, барлық ғылыми жаңалықтармен таныс болу үшін шет тілдерін жақсы меңгерген және өз білімімен бөлісіп, оны тәжірибе жүзінде қолдана алатын оқытушыға және ғалыма үнемі сұраныс болады.