Ағымдағы жылдың мамыр айында Өскемен қаласында әуесқой командалардың шағын футболдан ашық біріншілігі бастау алған еді. «Алтын Күз 2019» деген атаумен өткен жарыс, міне, өз мәресіне де жетті. Бәсекеге түскен 10 үздік топ ішінен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ футбол командасы жеңісті қанжығалады. Қала басшысы Жақсылық Омар командағы өз қолымен Кубокты табыстап, дипломдармен марапаттады. Айта кетейік, бұл жолғы біріншіліктің «Үздік қақпашысы» атағына 17-ЭЛК-1 тобының студенті Мейіржан Жақсылықов лайық деп табылды. Оқу орнының футбол командасы қараша айында өтетін облыстың қысқы чемпионатына да дайындықты бастап кетті. Ал, білім ордасының дене шынықтыру кафедрасы ШҚМТУ футбол командасын арнайы құттықтап, мақтан тұтатындарын жеткізді.