Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Инженер-гуманист – қазіргі заман талабы» атты республикалық пәндік студенттік олимпиада өз мәресіне жетті. 20 қазан мен 25 қараша аралығында техникалық бейіндегі және техникалық мамандықтар бойынша оқып жүрген ЖОО командалары бақтарын сынап, кіл мықтыдан кім мықты екенін анықтады. Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды қалаларынан барлығы 20 жуық команда қатысты.
Онлайн форматта өткен бірінші тур - «Инженер-гуманист – маман, тұлға, азамат» бейнероликтер/бейнепрезентациялар конкурсынан cүрінбей өткен 7 құрама бүгін оффлайн түрде кездесті. Екінші турда командалар сәлемдесуін көрсетіп, сарапшылардың сұрақтарына жауап беруге тырысты. Үшінші тур аясында қатысушылар берілген тақырыптар бойынша жобаларын қорғады.
Сайысқа түскен командаларды қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы Манарбек Қылышқанов, ШҚО ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков, ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының экспозициялық-көрме жұмысы бойынша директордың орынбасары Евгения Рахматуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ- дың әлеуметтік-мәдени қызмет және жастар саясаты басқармасы басшысының м.а. Гүлнар Жанабаева, машина жасау мектебінің докторанты Бекболат Молдаханов болды.
«Инженер-гуманист – қазіргі заман талабы» пәндік студенттік олимпиада қорытындысы бойынша үшінші орын Торайғыров университетінен келген «Toraighyrov University» командасына бұйырды. Екінші орынды Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Happy generation» командасы жеңсе, бірінші орынды Шәкәрім атындағы университетінің «Дарынды инженер» командасы иеленді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мұндай ауқымды іс-шараны гуманитарлық білім және дене шынықтыру факультетінің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасы ұйымдастырды.
Олимпиадаға қатысқан барлық командаларға алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтаймыз!