Бүгін, есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріптермен жазылған заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеге келгеніне -125 жыл толды!
Әрбір атаулы күндер мен іс-шараларды назарынан тыс қалдырмайтын колледж ұжымы бұл мерей тойды да естен шығармады. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қасымбек Құштар 3-ОД 1-к группасымен Мұхтар Әуезовтің шоқтығы биік шығармасы - "Абай жолы" роман-эпопеясы туралы "Абай жолы - ұлы жол" атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Мемлекет және қоғам қайраткері М.Әуезовтің шығармашылық қызметінің басты тақырыбы - Абай өмірі мен шығармашылығы. Сондықтан Абай мен Мұхтар егіз ұғым.
Аталмыш іс-шара барысында студенттер кемеңгер жазушының өмір жолы мен шығармашылық қызметі жөнінде сыр шертті. Кейіннен қазақ халқын барша әлемге танытқан "Абай жолы" романының жазылу тарихынан бастап мазмұндық ерекшелігі, кейіпкерлер жүйесі талданып, дүние жүзі әдебиетіндегі орнын айқындады. Студенттер білімдерін Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов сынды академиктердің тұжарымдарымен бекітті. Ұлтымыз мақтанышына айналған шығарма туралы "Ұлттық мақтаныш" атты өлең жолдары ұстаздар мен студенттер жүрегіне жол тартты. Дөңгелек үстел соңы күллі әлем таныған "Абай жолы" романы туралы неміс жазушысы Альфред Курелланың : "Сіз әлі "Абайды" оқыған жоқпысыз?! Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл - таңғажайып, бұл - керемет! - деген жоғары бағасымен қорытындыланды.