Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады.
Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады.
Сонымен қатар жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған.
1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар - 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15%-ға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді.
Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көтерілді.
Колледж студенттеріне арналған жаңадан 13 жатақхана ашылды.
ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы 133 мың орынға дейін ұлғайтылды.
Зерттеу экожүйесін құру және серпінді технологияларды дамыту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М. Әуезов атындағы ОҚУ зерттеу университеттеріне айналды. Бұл университеттік ғылымның республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесін ұлғайтуға, экономиканың түрлі салаларында жаңа өнімдер мен технологиялық процестерді құруға, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудан түсетін табысты ұлғайтуға, жаңа кәсіптер мен технологияларды ескере отырып, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Халықаралық академиялық рейтингтерге қатысуды кеңейту есебінен қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігінде танылу деңгейі артты. Мәселен, QS WUR 2023 рейтингіне 21 қазақстандық ЖОО кірді, көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп отыр. Сондай-ақ Times Higher Education рейтингінде ҚР жоғары оқу орындарының белсенділігі артып келеді.
Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасуда:
- Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Хериот-Уотт университетінің (Шотландия) филиалы құрылды;
- Шәкәрім университетінің базасында Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің (Польша) филиалы ашылды;
- І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті (Италия) арасында филиал құру туралы келісімге қол қойылды;
- Yessenov University базасында Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (неміс ЖОО консорциумы) құрылды;
- Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті базасында Гонконг қаласындағы университеттің филиалы ашылды;
- Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіби университеті (ҚХР) базасында Лу Бань шеберханасы ашылды;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогикалық білім беру сапасын арттыру үшін Дүниежүзілік банк желісі бойынша пилоттық режимде 30 инновациялық білім беру бағдарламасын іске асыру басталды. Олардың ерекшелігі - педагогтардың зерттеу дағдылары мен цифрлық құзыреттіктерін дамытуға баса назар аударылады.
Coursera-мен ынтымақтастық аясында пилоттық жоба ретінде курс енгізу мақсатында қазақстандық 25 жоғары оқу орнының тізімі анықталды. Бүгінгі таңда 44 мыңнан астам студент Coursera платформасында 67 мыңнан астам курстан өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бұл курстар IT, кәсіпкерлік, физика және бизнес салаларын қамтиды.