Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Казцинк компаниясының өкілдері мен бірінші курс студенттері арасында кездесу өтті. Іс-шара білім алушыларды ерте кәсіби бағдарлауға және дуальды әрі тәжірибеге бағытталған оқыту негізінде инженерлік мансап құрудың заманауи мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталды.

Кездесу барысында студенттерге компания жанындағы ВКТУ филиалында жүзеге асырылатын «K’ADAM» даярлау бағдарламасы таныстырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірістің нақты сұраныстарына барынша бейімделген білікті инженер кадрларды даярлау. Атап өтілгендей, бұл тәсілдің басты ерекшелігі – тәжірибелік құрамдастың күшейтілуі және білім беру үдерісінің өндірістік ортамен тығыз ықпалдасуы.

Компания өкілдері бағдарлама аясындағы даярлық құрылымы туралы жан-жақты баяндады. Бірінші курстан бастап студенттер танысу кезеңінен өтеді, оған кәсіби бағдарлау іс-шаралары мен өндіріс орындарына экскурсиялар кіреді. Екінші курста бағдарламаға қабылдау қарастырылып, базалық құзыреттер дамытылады: цифрлық сауаттылық, заманауи технологияларды меңгеру, соның ішінде жасанды интеллект элементтері, сондай-ақ техникалық бағыттағы ағылшын тілін үйрену.

Үшінші курсқа ерекше назар аударылады, бұл кезеңде кәсіби блок басталады: студенттер теориялық білімді өндірістегі тәжірибемен ұштастырып, жұмыс орындарында дайындықтан өтеді. Бағдарламаға сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқыту, білімді тұрақты бағалау және еңбек шартын жасасу мүмкіндігі бар міндетті өндірістік практика кіреді.

Төртінші курс аясында студенттер инновациялық дипломдық жобаларды әзірлейді, командалық жұмыс пен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытады, ал жұмысқа орналасқаннан кейін алғашқы айларда кәсіпорында бейімделу кезеңінен өтеді.

Бағдарлама қатысушыларына ұсынылатын қолдау пакеті студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол ай сайынғы шәкіртақы немесе оқу ақысын төлеуді, кемінде үш жылға кепілдендірілген жұмысқа орналасуды, әрі қарай білім алу мүмкіндігін (магистратура немесе екінші жоғары білім), сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қамтиды: тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу, жолақы, медициналық тексерулерді төлеу және салауатты өмір салтын қолдау.

Осылайша, ұсынылған бағдарлама университет пен индустриялық серіктестің тығыз өзара іс-қимылына негізделген инженер кадрларды даярлаудың заманауи тәсілін көрсетеді. Кездесу барысында студенттерге ұсынылған барлық ақпарат компанияның презентациялық материалдарында толық қамтылып, қатысушыларға бірінші курстан бастап кәсіби даму мүмкіндіктері туралы тұтас түсінік алуға мүмкіндік берді.

Программа K’ADAM