Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде және ШҚТУ Жоғары IT колледжі «Казцинктегі мансап жолы» атты кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Іс-шараға компания қызметкерлері, олардың 9 және 11 сыныпты тәмамдап жатқан балалары, Колледждер альянсының өкілдері мен университет ұжымы қатысты.

Іс-шара ШҚТУ-дың колонналы залында ұйымдастырылып, оқушылар, ата-аналар, білім беру ұйымдары мен өндіріс өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Кездесудің басты мақсаты: болашақ талапкерлерді техникалық және инженерлік білім беру мүмкіндіктерімен, оқу перспективаларымен және «Казцинк» компаниясында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Қатысушылар алдында «Казцинк» ЖШС Әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-ректор Сауле Рахметуллина және Колледждер альянсының көшбасшысы, Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж директоры Ернар Иргебаев сөз сөйледі.

Кездесу барысында сұранысқа ие инженерлік және техникалық мамандықтар, мансаптық өсу мүмкіндіктері, заманауи білім беру бағдарламалары және кадр даярлаудағы тәжірибеге бағытталған тәсіл талқыланды.

ШҚТУ мен «Казцинк» компаниясы арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Университет пен кәсіпорын көптеген жылдар бойы өндірістік тәжірибе, тағылымдама, дуалды оқыту және студенттерді жұмысқа орналастыру бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асырып келеді. Заманауи өндіріс үшін сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған «К’адам» жаңа бірлескен білім беру бағдарламасы да перспективалы жобалардың бірі ретінде таныстырылды.

Сондай-ақ қатысушыларға колледж түлектеріне арналған жеделдетілген білім беру бағдарламалары, университеттің халықаралық жобалары, инновациялық инфрақұрылымы және студенттік өмірі туралы ақпарат берілді.

Іс-шара аясында залда Колледждер альянсына кіретін 16 колледждің кәсіби бағдар беру алаңдары, университет стенді және «Казцинк» компаниясының корпоративтік аймағы жұмыс істеді. Мұнда оқушылар мен ата-аналар оқуға түсу, білім алу, корпоративтік шәкіртақылар және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша кеңес алды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ индустриялық серіктестермен өзара байланысты белсенді түрде дамытып, жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған заманауи білім беру траекторияларын қалыптастыруды жалғастыруда.