Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және «ОЭСК» АҚ-ның жүйелі кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында «Мансаптық интенсив»: энергетикадағы сенің жолың» сериясынан кезекті кездесу өтті. Бұл жолы іс-шараға Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенттері, яғни жақын уақытта оқуын жалғастыру немесе еңбек нарығына шығу туралы шешім қабылдайтын жоғары курс білім алушылары қатысты. Университет пен энергетикалық компания өкілдері нақты мысалдар арқылы бұл екі бағытты сәтті үйлестіруге болатынын көрсетті.
Студенттерге өндірістік оқыту моделі таныстырылды. Бұл модель ресми түрде жұмысқа орналасуға, еңбек өтілін жинақтауға және сонымен қатар «Электр энергетикасы» және «Жылу энергетикасы» бағыттары бойынша қысқартылған бағдарламалармен жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл диплом алғанға дейін-ақ біліктілік разрядтары бар жұмысшы маман болуға және сұранысқа ие кадр ретінде қалыптасуға жағдай жасайды.
Ерекше қызығушылық тудырғаны - дуальды оқыту туралы ақпарат болды. Бұл жүйеде университеттегі теория өндірістегі нақты жұмыспен ұштасады. «ОЭСК» АҚ өкілдері компанияның ынталы үміткерлерге мүдделі екенін және тәжірибесі жоқ жас мамандарға да лайықты жалақы ұсынатынын атап өтті. Сондай-ақ студенттерге компания нысандарының өңір бойынша географиясы және тәжірибеден кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтылды.
Кездесудің маңызды бөлігі биыл ШҚТУ-не оқуға түсуге ниетті талапкерлерге арналған практикалық ақпарат болды. Болашақ талапкерлер ҰБТ-ға өтініш беру мерзімдері (10–25 сәуір аралығы) және тестілеу кезеңдері (10 мамыр–10 маусым) туралы білді. Сонымен қатар бейіндік пәндер — «Электротехниканың теориялық негіздері» және «Еңбекті қорғау (электр қауіпсіздігі негіздері)» — және Қазақстан Республикасы мен жергілікті атқарушы органдардың гранттарына конкурсқа қатысу үшін өту балдары талқыланды.