15 сәуірде Қазақстанда ерекше әрі шынайы жылы мереке — Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға арналған Ғашықтар күні атап өтіледі. Бұл күн уақыт пен қашықтыққа бағынбайтын таза, шынайы және адал махаббаттың символы болып табылады. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы аңыз терең ғасырлар қойнауынан бастау алып, қазақ халқының мәдени мұрасында ерекше орын алады.
Аңыз бойынша, Қозы мен Баян әлі дүниеге келмей тұрып атастырылған. Алайда олардың тағдыры оңай болмады. Жолдарында көптеген қиындықтар, айырылысу мен қайғылы жағдайлар кездессе де, олар өз сезімдеріне адал болып қалды. Олардың махаббат хикаясы кез келген кедергіні жеңетін және мәңгілікке жалғасатын шынайы сүйіспеншіліктің символына айналды.
Қазіргі таңда бұл күн ерекше мәнге ие. Бұл тек ғашықтардың мерекесі ғана емес, сонымен қатар жанымыздағы жандарға — достарға, топтастарға, туған-туыстарға, кураторлар мен оқытушыларға жылы сөз айтып, өз сезімімізді білдіруге тамаша мүмкіндік. Өйткені махаббат тек романтикалық қарым-қатынаста ғана емес, қамқорлықта, құрметте, қолдауда және айналадағы адамдарға деген ілтипатта көрініс табады.
Біздің колледжде бұл күн мейірімділікке, шынайылыққа және қуанышқа толы атмосферада өтті. Білім алушылар үлкен ықыласпен мерекелік іс-шараларға қатысып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, шағын сыйлықтар мен ашықхаттар табыстады, ерекше көңіл күй сыйлады. Әрбір студент өздерін өзара түсіністік, қолдау және құрмет құндылықтары дәріптелетін тату ұжымның бір бөлігі ретінде сезіне алды.
Мұндай іс-шаралар студенттік өмірде маңызды рөл атқарады. Олар достық қарым-қатынасты нығайтып, қарым-қатынас мәдениетін дамытып, ұжым ішінде жылы әрі сенімді атмосфера қалыптастырады. Осындай сәттерде ұзақ уақыт есте қалатын жарқын естеліктер пайда болады.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні әрқайсымызға шынайы сезімдердің, жылы сөздердің және жақын жандарға деген қамқорлықтың маңыздылығын еске салады. Әр адамның өмірінде махаббат, жылулық пен үйлесім көп болсын, ал мұндай игі шаралар студенттерді біріктіріп, жаңа жетістіктерге шабыттандыра берсін.